«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарәскерБасты ақпарат

Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған үш сарбаздың барлығы үйлеріне оралды

Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған үш әскери қызметші әскери борышын өтеп, үйлеріне оралды. Әлеуметтік желілерде сарбаздардың туған-туыстарымен қауышқан сәттері түсірілген видеолар тарады.

3 қазанда Ақжол Темерхан, ал 4 қазанда Бекет Мырзағалиев пен Никита Удалов әскери борышын аяқтап, отбасыларына оралды.

Батыс Қазақстан облысының тумасы Никита Удалов Ақтау қаласындағы №29011 әскери бөлімінде қызмет етіп, санитарлық нұсқаушы болған.

Ал Бекет Мырзағалиев әскери борышын қаруластарынсыз аяқтады. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында қаза тапқан сарбаздардың жақындарына көңіл айтып, марқұмдарды ешқашан ұмытпайтынын жеткізді.

«Қаза тапқан қарулас бауырларымның отбасыларына, туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамын. Бірге қызмет еткен, бір сапта жүрген жігіттерден айырылу – жүрекке ауыр соққы. Мен аман қалғаныммен, сол күнгі қайғы мен қасірет жүрегімде мәңгі қалады. Қасымда болуы тиіс бауырларымның енді арамызда жоқтығы жанымды ауыртады. Жігіттерімнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Алла алдынан жарылқап, жандарын жәннаттан етсін. Артында қалған отбасыларына сабыр мен төзім берсін», – деп жазды Бекет.

Оның айтуынша, қаза тапқан жауынгерлердің есімі мен жарқын бейнесі қаруластарының жүрегінде мәңгі сақталады.

«Олар – біздің қаруластарымыз, бауырларымыз. Ерліктері мен жарқын бейнелері жүрегімізде мәңгі сақталады. Жандары жәннатта болсын, бауырларым! Барша біз үшін уайымдап, дұғада болған қазақ елі, сіздерге Алла разы болсын», – делінген жазбада.

Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметшіні теңіз ағызып әкеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі аман қалды.

Медициналық мекеме мәліметінше, оқиға болған күні, 24 қыркүйекте, ауруханаға Ақжол Темерхан жеткізілген. Ал Никита Удалов пен Бекет Мырзағалиев 26 қыркүйекте медициналық мекемеге түскен.

Оқиғаға байланысты екі қылмыстық іс қозғалып, Қорғаныс министрлігі жүйесінің бес лауазымды қызметкері күдікті ретінде ұсталды.

26 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігінде кешенді тексеру жүргізуді тапсырды. Ал 27 қыркүйекте Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылып, оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.

Ұқсас жаңалықтар

Алматы жұртшылығы Дулат Исабековті ақтық сапарға шығарып салды

АҚШ Иранмен соғысты аяқтау туралы келісімге келді – Трамп

Үй маңындағы тұрақтар тегін болуы мүмкін: Алматыда жаңа ережелер әзірленіп жатыр