Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі толық мемлекет қамқамсыздығында отырған азаматтардың зейнетақысын төлеу тәртібін өзгертуге қатысты жоба әзірледі. Құжатта кей санаттағы азаматтарға зейнетақының 70 пайызын тікелей төлеуді тоқтата тұру ұсынылған.
Tengrinews.kz мәліметінше, бұл өзгеріс толық мемлекет қамтамасыз ететін қарт адамдар мен мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан зейнеткерлерге қатысты болмақ.
Министрлік бұл ұсынысты әлеуметтік қамсыздандыру мен зейнетақы төлемдерін қосарлы қаржыландыруды болдырмау қажеттігімен түсіндіреді.
Жобаға сәйкес, толық мемлекет қамтамасыз ететін азаматтарға зейнетақы мына тәртіппен төленеді:
-
егер тағайындалған зейнетақы мөлшері ең төменгі зейнетақыдан аз болса, заңда белгіленген мөлшерде төлем жасалады;
-
зейнетақы мөлшері ең төменгі көрсеткіштен жоғары болған жағдайда, азаматқа оның 30 пайызы төленеді. Бұл сома ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем болмауы тиіс;
-
қалған 70 пайызы орталықтың арнайы шотына аударылады. Қаражатты орталық уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен азық-түлік, киім-кешек және басқа да қажеттіліктерге жұмсайды.
Ал қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан зейнеткерлердің зейнетақы төлемі сол мекемеде болған кезеңде тоқтатылады.
Азамат жазасын өтеп, мекемеден шыққаннан кейін базалық зейнетақы төлемі мен зейнетақысы келесі айдың бірінші күнінен бастап толық көлемде қайта төленеді.
Сондай-ақ зейнетақы мен базалық төлемді нотариалды куәландырылған сенімхат негізінде өкіл арқылы алуға мүмкіндік қарастырылған.
Айта кетейік, бұл әзірге жоба. Оның нақты қашан және қандай тәртіппен күшіне енетіні тиісті рәсімдерден кейін белгілі болады.
