Шығыс Қазақстан облысында қос азаматтыққа қатысты заң бұзушылықтар анықталды. 2026 жылдың басынан бері өңірде 650-ден астам адам Қазақстан азаматтығынан айырылса, тағы 48 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстан азаматтарының басқа мемлекеттің азаматтығын алуына жол берілмейді. Шетел азаматтығын алған азамат бұл туралы 30 күнтізбелік күн ішінде уәкілетті органдарға хабарлап, Қазақстан Республикасының паспорты мен жеке куәлігін тапсыруы тиіс.
Осындай заң бұзушылықтардың бірі Глубокое ауданында тіркелді. 63 жастағы жергілікті тұрғын 2023 жылдың шілдесінде шет мемлекеттің азаматтығын алғанымен, бұл туралы тиісті органдарға уақытында хабарламаған. Нәтижесінде оның Қазақстан Республикасының құжаттары алынып, азаматтығынан айырылуы заңда белгіленген тәртіппен рәсімделді.
ШҚО Полиция департаментінің Көші-қон қызметі азаматтарға қос азаматтыққа қатысты талаптарды сақтаудың маңыздылығын еске салады.
Полиция азаматтарды шетел азаматтығын алған жағдайда 30 күнтізбелік күн ішінде уәкілетті органдарға хабарлап, Қазақстан Республикасының құжаттарын тапсыруға шақырады.
