«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпаратэкономика

Қазақстан мұнайы экспортталатын Ресей портына дрондар шабуыл жасады

11 қарашаға қараған түні Ресейдің Ленинград облысындағы Усть-Луга портына ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан порт аумағында өрт шығып, инфрақұрылым нысандарының бірі істен шыққан.

Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко дрон шабуылын растады. Оның айтуынша, порт аумағында тұтанған өртті сөндіруге арнайы күштер мен техника жұмылдырылған. Сонымен қатар Усть-Лугадағы трансформатор қосалқы станциясы апатты жағдайда істен шыққан. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Украиналық мониторинг арналары порт аумағындағы ірі өрттің видеосын жариялады. Олардың мәліметінше, өрттің жалыны ондаған шақырым қашықтықтан байқалған. Ресейлік ақпарат көздері де Ленинград облысына жаппай дрон шабуылы жасалғанын хабарлады.

Губернатордың мәліметінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері 146 ұшқышсыз аппаратты жойған.

Усть-Луга – Балтық теңізінің жағалауында орналасқан Ресейдегі ірі порттардың бірі. Бұл нысан арқылы мұнай мен мұнай өнімдері халықаралық нарыққа экспортталады. Қазақстан да өз мұнайын шетелге жеткізу үшін осы бағытты пайдаланып келеді.

«ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясының дерегіне сәйкес, 2026 жылдың шілдесінде Усть-Луга бағытына 286 мың тонна қазақстандық мұнай жөнелтілген. Ал тамыз айында бұл көрсеткіш 200 мың тоннаны құраған. Нәтижесінде бір ай ішінде тасымал көлемі шамамен 30 пайызға қысқарған.

5 қарашада Қазақстан Энергетика министрлігі Ресей тарапына Усть-Луга порты арқылы мұнай экспортын қайта бастау жөнінде өтініш жолдағанын мәлімдеді.

Ведомствоның түсіндіруінше, Ресей аумағындағы транзиттік бағыттарда мұнай тасымалдау инфрақұрылымына қатысты техникалық ақаулар туындаған. Осыған байланысты Қазақстан экспорттық мұнайдың бір бөлігін балама бағыттарға бұруға мәжбүр болған.

Айта кетейік, Усть-Луга порты бұған дейін де бірнеше рет дрон шабуылына ұшыраған. Биыл наурыз, тамыз және қыркүйек айларында порт аумағында өрт шығып, инфрақұрылым нысандарына зақым келгені хабарланған.

Бұған дейін Украина Мәскеуге де ауқымды дрон шабуылын жасаған болатын. Сол кезде мұнай өңдеу зауыты зақымданып, үш адам қаза тапқан. Кемінде 20 тұрғын жараланған. Ресей билігі бұл шабуыл елордаға жасалған ең ірі дрон соққыларының бірі болғанын мәлімдеген.

Ұқсас жаңалықтар

Шетелде жұмыс істегісі келген қазақстандық студенттер миллиондаған теңгесінен айырылды

Redaktor Shyn-Ar

Қазақстан 500 мемлекеттік компанияны жекешелендіруге шығарады

Жұмыссыздарға әлеуметтік төлем көлемі артты: 308 мың азаматқа қолдау көрсетілді