«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратБілімҒылым

ҚазҰУ-дағы күзгі мектепте баспа саласының жаңа бағыты талқыланды

ҚазҰУ-да өтіп жатқан күзгі мектептің бесінші күні баспа саласындағы жаңа технологиялар мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктеріне арналды. «Arman-PV» баспасының өкілдері заманауи баспа ісінің тыныс-тіршілігімен таныстырып, кітаптың келешегі туралы ой қозғады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасы ұйымдастырған күзгі мектеп жұмысы жалғасуда. 2026 жылғы 11 қарашада өткен бесінші күнгі кездесуге еліміздегі жетекші баспалардың бірі – «Arman-PV» баспасының өкілдері қатысты.

Бұл жолы баспаның бас редакторы Айгүл Бекболатова мен цифрлық контент бөлімінің бас редакторы Айсұлу Бақтығалиева «Жасанды интеллект және заманауи баспа: болашақ кітабын бірге жазамыз» тақырыбында баяндама жасады.

Кездесу басында қатысушыларға «Arman-PV» баспасының қызметі мен жетістіктерін таныстыратын бейнеролик көрсетілді. Биыл ширек ғасырлық тарихын атап өтіп отырған баспа осы уақыт ішінде білім беру әдебиеттерінен бастап, көркем және танымдық басылымдарға дейінгі сан алуан бағытта өнім ұсынып келеді.

Айгүл Бекболатова баспаның кітап шығарудағы ұстанымдарына да тоқталды. Соның бірі – қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау. Басылымдарды әзірлеу кезінде экологиялық талаптар ескеріліп, қауіпсіз бояулар мен таза қағаз түрлерін пайдалануға басымдық беріледі.

Кездесудің негізгі өзегі – жасанды интеллектінің баспа ісіне ықпалы. Бүгінде цифрлық технологиялар мәтінді әзірлеуден бастап, редакциялау мен мазмұнды ұсынуға дейінгі көптеген үдеріске араласып отыр. Дегенмен Айгүл Бекболатова технологияның мүмкіндігін асыра бағалауға болмайтынын ескертті.

«Жасанды интеллект автор мен редакторды алмастырмайды. Ол – жұмысымызды жеңілдететін көмекші құрал. Технология бізді емес, біз технологияны басқаруымыз керек», – деген ой кездесу барысында ерекше аталды.

Сонымен қатар «Arman-PV» баспасының цифрлық бағыттағы жұмыстары таныстырылды. Баспаның алғашқы смарт оқулықтарды әзірлеу тәжірибесі, сондай-ақ оқырманға электронды білім ресурстарын ұсынатын Ekitap.kz онлайн платформасы туралы айтылды. Бұл бастамалар дәстүрлі кітап пен цифрлық білім кеңістігінің арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.

Баспаның тағы бір маңызды бағыты – тарихи жадыны жаңғыртуға арналған жобалар. Кездесуде Мая Бекбаевамен бірлесіп жүзеге асырылған «Жошы хан» жобасы мен көшпелілер мәдениетін әлемге танытатын «Nomad Games» кітабы сөз болды. Мұндай басылымдар тарихи мұраны жинақтап қана қоймай, оны кейінгі ұрпаққа заманауи баспа тілімен жеткізудің үлгісін көрсетеді.

Кездесудің ерекше тұстарының бірі – Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасының кітап болып жарық көруі туралы әңгіме болды. Биыл бұл туындының жазылғанына 30 жыл толса, «Arman-PV» баспасының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Екі мерейтойдың тұспа-тұс келуі кездесудің мазмұнына да ерекше мән үстеді. Бірі – ширек ғасыр бойы кітап әлемінде еңбек етіп келе жатқан баспаның белесі болса, екіншісі – отыз жыл бойы оқырман жадында жаңғырып, сахнада да өмір сүріп келе жатқан көркем шығарманың мерейтойы.

Бұл басылымды дәстүрлі кітап үлгісімен ғана шектеу қиын. Ол – әдеби мәтін мен театр өнерін ұштастырған өзгеше форматтағы спектакль кітап. Мұндай стильдегі алғашқы басылымдардың бірі ретінде оның көркемдік шешімі де айрықша назар аудартады.

Кітаптың мұқабасынан бастап, ішкі композициясы мен форматына дейін әрбір бөлшек белгілі бір мағынаға құрылған. Әсіресе басылымдағы иллюстрациялар назар аудартады. Жасанды интеллект көмегіне жүгінбей, суретші Алмас Сырғабаевтың қолымен салынған туындылар шығарманың эмоционалдық салмағын тереңдете түскен. Кездесуде суреттердің астарлы мағынасы, кейіпкерлердің ішкі әлемін бейнелеудегі көркемдік тәсілдері де кеңінен түсіндірілді.

Күзгі мектептің бесінші күніндегі кездесу қатысушыларға заманауи баспа саласының мүмкіндіктерін таныстырып қана қоймай, болашақ мамандарға маңызды ой салды. Жасанды интеллект дамыған сайын баспагердің міндеті де өзгеруі мүмкін. Алайда кітаптың рухын сақтап, сапалы мазмұн мен көркемдік тұтастықты қамтамасыз ету – адамға жүктелген жауапкершілік.

Іс-шара соңында қатысушылар баяндамашылармен естелік суретке түсіп, кездесуді қорытындылады. Күзгі мектептің бұл күні технология мен шығармашылықтың тоғысқан тұсында кітаптың құндылығы әлі де адам қолтаңбасымен өлшенетінін аңғартты.

Дариға ДОСАН,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультетінің

4-курс студенті

Ұқсас жаңалықтар

Ұрпақ тәрбиесі ел тағдырын анықтайды

Redaktor Shyn-Ar

Қазақстанға шетелден алма импорттауға тыйым салынуы мүмкін

Қазақстандықтарға зейнетақы жинағын жоғалту қаупі туралы ескерту жасалды