«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратСпорт

«30 мың теңгеден басталады»: «Қайрат» – «Реал Мадрид» ойынына билет сатылатын күн белгілі болды

«Қайрат» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі өз алаңындағы ойындарға билеттерді сату тәртібі мен мерзімдерін жариялады. «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчының билеттері 23 қыркүйек күні сағат 17:00-де (Алматы уақытымен) клубтың ресми сайты мен Ticketon платформасы арқылы сатылымға шығады.

Бір жеке сәйкестендіру нөміріне (ЖСН) екі билеттен артық рәсімделмейді. ЖСН деректері сатып алу кезінде де, стадионға кірер кезде де қатаң тексеріледі.

Билеттердің бағасы УЕФА-мен келісіліп, барлық өз алаңындағы ойындарға бірыңғай болып бекітілді: 30 000 теңгеден 250 000 теңгеге дейін. Баға саясаты турнир талаптарына және Чемпиондар лигасы матчтарын өткізудің халықаралық тәжірибесіне толық сәйкес келеді.

Абонемент иелері өз орындарын алдын ала жеңілдетілген бағамен сатып ала алады. Ticketon қызметкерлері олармен байланысып, сатылым басталғанға дейін рәсімдеу тәртібі туралы толық ақпарат береді. Бұл клубтың ең адал жанкүйерлеріне көрсететін ерекше құрметінің белгісі.

Дәстүрге сай билеттердің белгілі бір бөлігі әлеуметтік және клубтық квоталар бойынша бөлінеді. Олар «Қайрат» академиясының және оның филиалдарының жаттықтырушылары мен тәрбиеленушілеріне, паралимпиадалық спорт түрлерінің өкілдеріне, сондай-ақ клубтың қызметкерлері мен ардагерлеріне беріледі. Бұдан бөлек, қолданыстағы серіктестік міндеттемелер аясында клуб демеушілеріне де арнайы квота қарастырылған.

Клуб билеттердің алдын ала сатылымы жөнінде тараған жалған ақпаратқа назар аудартып, жанкүйерлерден билеттерді тек ресми арналар арқылы сатып алуды сұрайды. Оларға клубтың ресми сайты, Qairat SuperApp мобильді қосымшасы және Ticketon сервисі жатады. Тек осы арналар билеттің түпнұсқалығын және стадионға кіру құқығын қамтамасыз етеді.

Ұқсас жаңалықтар

Көктемгі каникулда оқушылар қанша күн демалады?

16 млн қазақстандықтың жеке дерегі медициналық ұйымдардан тараған болуы мүмкін – Бектенов

Бос жұмыс орындары — 2025: кімдерге сұраныс жоғары, мамандар қай аймаққа қажет

Redaktor Shyn-Ar