Алматыда 11 жыл бұрын жасалған кісі өлтіру қылмысы ашылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, жыл басынан бері тергеушілердің өндірісінде шамамен 216 мың қылмыстық іс болған. Соның ішінде 54 мың адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Аталған істердің бір бөлігі – бұрын жасалып, ұзақ уақыт бойы ашылмай келген қылмыстар.
«Алматыда биыл 11 жыл бұрын жасалған қылмыс қайта қаралып, нәтижесінде ашылды. Бұл зейнеткер әйелдің өліміне қатысты іс. Тергеу жаңғыртылып, барлық дәлелдер жан-жақты сараланды, куәлар қайтадан сұралды. Дұрыс таңдалған тактика мен нақты қойылған сұрақтардың арқасында қылмысты марқұмның туған қызы жасағаны анықталды. Ол бұл әрекетке пайдакүнемдік мақсатпен барған», – деді Мұхтар Қожаев.
Еске сала кетейік, биыл жыл басында Орал қаласында 25 жыл бұрын жасалған кісі өлтіру дерегі де ашылған болатын. Ол кезде екі жергілікті тұрғын қаза тапқан, ал қылмыстың негізгі себебі қаржылай қиындық екені белгілі болды. Полицейлер қылмысқа тапсырыс берді деген күдіктіні және оны орындаған адамды ұстаған.
Сондай-ақ, өткен күзде Ақмола облысында 2002 жылғы 4 қазанда жасалған кісі өлтіру ісі ашылды. Күдіктіні анықтауға ДНҚ сараптамасының нәтижелері көмектескен.
