«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратҚұқық

Атырауда жоғалған отбасының ісі «Адам өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр

Қазақстанда жұмбақ жағдайда жоғалған отбасыға қатысты іс «Адам өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр. Атырау облысында хабар-ошарсыз кеткен отбасыға байланысты жаңа мәліметтер белгілі болды.

Атырау облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құттыбай Садықовтың айтуынша, бұл іс бойынша қазіргі таңда расталмаған түрлі ақпараттар тарап кеткен.

«25 желтоқсанда төрт адамның жоғалғаны туралы ақпарат түскен сәттен бастап еліміздің аумағында кешенді іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, екі немесе одан да көп адамның жоғалуы “Адам өлтіру” бабы бойынша сараланады. Осыған байланысты жоғалған отбасының орналасқан жерін анықтау мақсатында жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары жүзеге асырылуда», – деді ПД өкілі.

Тергеу аясында медициналық мекемелер, оның ішінде жекеменшік клиникалар да тексеріліп жатқаны хабарланды.

Полицияның мәліметінше, жоғалған адамдардың ұялы телефондарынан Қазақстан аумағында бірнеше рет сигнал тіркеліп, қосылып-сөндірілген. Соңғы тіркелген дерек Шымкент қаласында анықталған. Іздестіру жұмыстарын үйлестіру үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, оған Ішкі істер министрлігінің мамандары да тартылған.

Сонымен қатар, ведомство бұл отбасының кіші қызы мен күйеу баласының шет мемлекетте жүргенін анықтаған. Алайда туыстары олардың жоғалуына байланысты арыз түсірмеген. Соған қарамастан құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын бастаған.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында жоғалған отбасының әлі де іздестіріліп жатқаны хабарланған еді. 25 желтоқсанда облыстық полицияға қала тұрғынынан ағасы мен оның отбасы бір айдан астам уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткені туралы арыз түскен.

Қызылқоға ауданына қарасты Жангелді ауылының тұрғындары қараша айында өз үйлерінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, осы уақытқа дейін оралмаған.

Кейін әлеуметтік желілерде «Атырау облысында із-түссіз кеткен отбасының тағы екі мүшесі жоғалғаны» туралы ақпарат тарады. Алайда Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл деректің ресми түрде тіркелмегенін, қазіргі уақытта тексеріліп жатқанын және туыстарының арыз түсірмегенін мәлімдеді.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда енді полицейлер планшет арқылы жүргізушілердің жеке деректерін көре алмайды

Қазақстан халқының саны туралы мәлімет жаңарды

Какие фары можно использовать на казахстанских дорогах