Екі жыл бұрын Экология министрлігі пайдаланудан шыққан көлік құралдарын қайта өңдеу бағдарламасын жариялаған болатын. Алайда бүгінгі күнге дейін Қазақстанда ескі көліктерді ресми түрде қабылдап, кәдеге жарататын бірде-бір тіркелген пункт жоқ.
Өскемен қаласының тұрғыны қара металлды қайта өңдейтін кәсіпорны бар екенін айтады. Оның сөзінше, 2024 жылы ол ескі көліктерді кәдеге жарату кәсіпорнын ашу үшін құжат тапсыруға әрекет жасаған. «Біз Жасыл даму компаниясына жүгініп, Астанаға бардық. Олар қажетті құжаттар тізімін берді. Құжаттарды 3–4 ай жинадық. Тапсырған кезде кейбір сәйкессіздіктер барын айтты», – дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, мәселе бір түбіртекте болған. Ол қателікті түзетіп, қайта тапсырған. Компания өкілдері бағдарлама үш айдан кейін іске қосылатынын, сайт әзірленіп жатқанын айтқан. Құжаттардың дұрыс екенін жеткізгенімен, кәсіпорынды тіркеу жүзеге аспаған. Оның сөзінше, дәл осындай жағдайға басқа қалалардағы қайта өңдеушілер де тап болған.
Компания мәліметінше, 2024 жылдан бері бар болғаны үш өтінім түскен. Олардың барлығы талаптарға сәйкес келмегендіктен кері қайтарылған. «Бас тарту туралы хабарламалар себебі көрсетіліп, өтініш берушілерге жолданды. Алайда ескертулер жойылмады. Қазіргі таңда пайдаланудан шыққан көлік құралдарын қабылдау бойынша тіркелген қайта өңдеушілер жоқ», – деп мәлімдеді компания. Сондай-ақ сайтта жүргізіліп жатқан техникалық жұмыстардың кәсіпорындармен келісімшарт жасауға әсері бар-жоғы туралы сауал жауапсыз қалған.
Сонымен қатар, көлік иелері утильалым төлегенімен, көліктерін тапсыратын орын таба алмай отыр. Ақтөбе тұрғыны 2024 жылы көлігін есептен шығарып, утильге өткізбек болған. Алайда қалада қабылдау пункті болмаған. «Қазақстанда автоқалдықтарды кәдеге жаратуға болады деген ақпараттан кейін көлікті есептен шығардық. Енді оны сата да алмаймын», – дейді ол.
Осындай жағдайға 2024 жылы тракторы мен жеңіл автокөлігін есептен шығарған тағы бір Ақтөбе тұрғыны да тап болған. Оның айтуынша, 2025 жыл бойы пункттердің ашылуын күткен, алайда нақты мерзім көрсетілмеген. Атырау қаласының тұрғыны да көлікті қабылдайтын орын жоқ екенін айтады. «Онда утильалымды не үшін төледік?» – дейді ол.
Осылайша, көптеген қазақстандық көліктерін есептен шығарып қойғанымен, оларды ресми түрде кәдеге жарата алмай отыр. Көлікті қайта сату мүмкін емес, ал металл сынығына өткізу тиімсіз. Ал ескі көліктерді қабылдайтын пункттер әлі күнге дейін ашылмаған.
