«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

ХВҚ Қазақстанға коммуналдық тарифтерді кезең-кезеңімен көтеруді ұсынды

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Қазақстанға электр энергиясы, жылу, су және өзге де коммуналдық қызметтердің тарифтерін біртіндеп арттыруға кеңес берді. Қор өкілдерінің пікірінше, тарифтер қызмет көрсететін компаниялардың нақты шығындарын жабуға жеткілікті деңгейде болуы қажет.

Бұл туралы Халықаралық валюта қоры миссиясының Қазақстандағы 2026 жылғы консультацияларының қорытындысы бойынша жарияланған мәлімдемеде айтылған. Құжат 17 қарашада жарияланды.

Қор мамандары коммуналдық қызметтер тарифін белгілеу кезінде ашық әрі түсінікті жүйе қалыптастыру маңызды екенін атап өтті. Олардың пайымдауынша, баға белгілеу тетігі кәсіпорындардың нақты шығындарын ескеріп, ұзақ мерзімді жоспарлауға негізделуі тиіс.

Мұндай тәсіл коммуналдық кәсіпорындарға инфрақұрылымды жаңғыртуға қажетті қаражатты жоспарлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұтынушылар үшін тарифтердің күрт әрі күтпеген жерден өсуіне жол бермеуге көмектеседі.

Алайда ХВҚ коммуналдық қызметтер бағасын өткен жылғы инфляция деңгейіне автоматты түрде индекстеуді қолдамайды. Қор тарифтер нақты экономикалық шығындарға сүйене отырып, алдын ала болжанатын тәртіппен өзгеруі керек деп есептейді.

Халықаралық валюта қоры коммуналдық қызметтер құнының қымбаттауы Қазақстандағы инфляциялық қысымды күшейтуі мүмкін екенін де ескертті.

Қордың бағалауынша, 2027 жылы инфляцияға мемлекеттік шығындардың артуы, Ұлттық қор қаражатын пайдалану көлемінің ұлғаюы және квазимемлекеттік сектор қызметінің кеңеюі әсер етуі ықтимал.

Осыған байланысты ХВҚ бюджет шығындарын қатаң бақылауды және Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер көлемін шектеуді ұсынады. Сонымен қатар мұнай бағасының өзгеруіне байланысты экспорттан түсетін қосымша кірісті жинақтап, мұнайға қатысы жоқ бюджет түсімдерін арттыру қажеттігін атап өтті.

Бұдан бөлек, қор Қазақстандағы мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру және қайта құрылымдау жұмыстарын жеделдетуге кеңес берді.

Сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық жобалардың құнын мұқият есептеп, оларды іріктеу мен мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттыру қажет деп санайды.

Мемлекеттік кәсіпорындардың қарыз алу, несие беру, кепілдік ұсыну және инвестициялық жоспарлары республикалық бюджетпен өзара үйлестірілуі тиіс.

ХВҚ пікірінше, Қазақстан экономикадағы мемлекеттің үлесін азайтып, жеке сектордың рөлін күшейтуі қажет. Бұл үшін кәсіпкерлік ортаны жақсартып, меншік құқығын қорғау тетіктерін нығайту маңызды.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жыл соңына дейін электр энергиясы, су және жылу тарифтерінің өсуі мүмкін екені хабарланған болатын.

Ұқсас жаңалықтар

«Борат» дауы: 7DAYS режиссер Илья Лучкинмен ынтымақтастықты тоқтатты

Ыстықкөлдегі төрт нысан Қазақстанның меншігінде қалады

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы жаңа қызметке тағайындалды