«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарӘлеуметБасты ақпарат

«Жүрек тұсынан электрошокермен ұрған»: ҚазҰУ жатақханасында көз жұмған студенттің туыстары қасіреттің мән-жайын айтты

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жатақханасында қайтыс болған бірінші курс студенті Дауыл Бәкіртай бүгін туған жерінде жер қойнына тапсырылды. Марқұмның жақындары оның өліміне бір топ студенттің қатысы бар деп есептеп, оқиғаның толық әрі әділ тергелуін талап етіп отыр.

Марқұмның анасы Сәуле Ордабаеваның айтуынша, қайғылы жағдайдан төрт сағат бұрын ғана ұлымен видеоқоңырау арқылы сөйлескен. Сол кезде Дауылдың кешкі ас ішіп отырғанын көрген. Алайда таңертең баласының қаза болғаны туралы суыт хабар алған.

Анасының сөзінше, Дауыл бұған дейін жоғары курс студенттерінің қысым көрсетіп жүргенін айтқан. Оны түрлі шаруаларға жұмсап, өздерінен төмен санап, арнайы тәртіптерге бағынуға мәжбүрлеген.

Дауыл биыл ғана Шымкенттегі мектепті алтын белгімен тәмамдап, жоғары балл жинап, ҚазҰУ-ға мемлекеттік грантпен оқуға түскен. Ол отбасындағы бес ұлдың төртіншісі болған. Жақындарының айтуынша, бойы екі метрге жуық жігіт көкпар ойнап, атқа мінгенді жақсы көрген.

Марқұмның туысы Серік Есболатовтың айтуынша, оқиға кезінде Дауылдың жүрек тұсына электрошокер қолданылған болуы мүмкін. Оның сөзінше, куәгерлер жүректің тоқтауына осы жағдай себеп болғанын айтқан. Сонымен қатар туыстары жедел жәрдемнің шамамен бір жарым сағатқа кеш шақырылғанын жеткізді.

Олардың мәліметінше, қайғылы оқиға 15 қарашадан 16 қарашаға қараған түні жатақхана бөлмелерінің бірінде болған. Сегіз екінші курс студенті Дауыл мен тағы бір бірінші курс студентін бөлмеге шақырып, соққыға жыққан. Дауыл құлағаннан кейін жедел жәрдем түнгі сағат 1:30 шамасында ғана шақырылған.

Туыстарының айтуынша, мәйітхана қызметкерлері марқұмның кеуде тұсындағы көгерген және қызарған іздерге назар аударған. Алайда өлімнің нақты себебі тергеу мен сараптама нәтижесінде анықталуы тиіс.

Жақындары жатақханада бірінші курс студенттеріне қатысты әлімжеттік болғанын да мәлімдеді. Олардың сөзінше, жоғары курс студенттері өздеріне «сіз» деп сөйлеуді, қол алысып амандасуды талап еткен. Кейде түн ортасында оятып, дүкенге жұмсаған.

Марқұмның туыстарын тергеу аясында күдікті ретінде тек бір студенттің танылуы да алаңдатып отыр. Олар оқиғаға қатысы болуы мүмкін сегіз студенттің барлығына құқықтық баға беруді талап етеді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде тараған Дауылдың демікпе немесе эпилепсиямен ауырғаны туралы ақпаратты жоққа шығарып, оның денсаулығында кінәрат болмағанын айтады.

Бұған қоса, туыстары университет өкілдері бастапқыда оқиғаның мән-жайы туралы бір-біріне қайшы ақпарат бергенін жеткізді. Алғашында студенттің дене қызуы көтеріліп, ауруханаға жеткізілгені айтылған. Кейін отбасы төбелес болғанын білгенде, университет тарапынан нақты түсініктеме ала алмаған.

ҚазҰУ баспасөз қызметі бұған дейін марқұмның отбасына моральдық және материалдық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлаған. Алайда туыстары мұндай қолдауды сезінбегенін мәлімдеді.

Оқиғадан кейін университет басшылығында да кадрлық өзгерістер болды. ҚазҰУ өкілдерінің хабарлауынша, ректордың бұйрығымен проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылған. Ал сол түні жатақханада кезекшілік атқарған қызметкерлер уақытша жұмыстан шеттетілген.

Еске сала кетейік, 15 қарашадан 16 қарашаға қараған түні ҚазҰУ-дың №5 жатақханасында бірінші курс студенті Дауыл Бәкіртай қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Кейін университетте тағы бір студенттің қазасы белгілі болды. Екі марқұмның да Шымкент қаласынан екені хабарланды.

Осы оқиғалардан кейін оқу орнына қатысты тексеру жүргізу үшін министрлік арнайы комиссия жіберген.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда базарлар неге жиі өртенеді? ТЖМ түсініктеме берді

Мектеп оқушылары жыртық доппен футбол ойнауға мәжбүр

Redaktor Shyn-Ar

Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс осы аптада сотқа түседі

Redaktor Shyn-Ar