Дүниежүзілік банк Қазақстанға жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды біртіндеп қысқартып, тұрғын үй нарығында нарықтық тетіктерге басымдық беруді ұсынды. Халықаралық ұйым сарапшыларының бұл пікірі Halyk Research мамандарының назарын аударған.
Дүниежүзілік банк сарапшыларының пайымдауынша, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіндегі өзгерістерге толық бейімделмейді. Мәселен, инфляцияны тежеу мақсатында базалық мөлшерлеме көтерілген жағдайда, мемлекеттік бағдарламалар бойынша берілетін несиелердің пайыздық мөлшерлемесі бұрынғы деңгейде сақталады. Ал нарықтық ипотека қымбаттайды. Нәтижесінде жеңілдетілген несиелер тұрғын үйге деген сұранысты ынталандыруды жалғастырып, баспана бағасының өсуіне ықпал етуі мүмкін.
Halyk Finance сарапшысы Арслан Ароновтың пікірінше, мемлекеттің тұрғын үй нарығына тікелей араласуы ұзақ мерзімді перспективада бағаның өсуіне әсер етуі ықтимал.
«Мемлекеттік қаржыландыруды кезең-кезеңімен қысқартып, нарықтық тетіктердің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік берген жөн. Дегенмен баспанаға мұқтаж азаматтарға мемлекет тарапынан атаулы қолдау көрсетілуі қажет», – дейді сарапшы.
Ал жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Алла Быкова «7-20-25» бағдарламасының қарапайым азаматтар үшін әлі де маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бағдарлама аясында ипотека рәсімдеу мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, көптеген тұрғындар ай сайынғы төлемі жоғары коммерциялық ипотекаға жүгінуге мәжбүр.
Сарапшының сөзінше, «7-20-25» бағдарламасы бойынша ай сайынғы төлем 80-120 мың теңге шамасында болуы мүмкін. Бұл көптеген отбасы үшін тиімді мүмкіндік. Ал дәл осындай баспананы нарықтық ипотека арқылы сатып алу әлдеқайда қымбатқа түседі.
Мамандар ипотекалық несиелердің арзандауы ең алдымен инфляция деңгейіне байланысты екенін айтады. Инфляция төмендеген жағдайда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені біртіндеп азайтуы мүмкін. Бұл өз кезегінде коммерциялық банктер ұсынатын ипотекалық несиелердің пайыздық мөлшерлемесіне де оң әсер етуі ықтимал.
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің пікірінше, Дүниежүзілік банк көптеген елде халықтың кең тобына арналған жеңілдетілген несие бағдарламаларын қолдай бермейді. Себебі мұндай тетіктер тұрғын үйге деген сұранысты арттырып, нәтижесінде жылжымайтын мүлік бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар сарапшы «7-20-25» бағдарламасының мүмкіндіктері шектеулі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бағдарлама негізінен бір бөлмелі пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Ал кеңірек баспанаға мұқтаж отбасылар үшін қосымша ипотекалық құралдарды дамыту қажет.
Айта кетейік, бұған дейін 2027 жылы ипотеканың бастапқы жарнасын 10 пайызға дейін төмендету мүмкіндігі қарастырылып жатқаны хабарланған болатын. Билік бұл ұсынысты келесі жылы таныстыруды жоспарлап отыр. Бақытжан Жүнісбековтің мәліметінше, қазіргі уақытта Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Отбасы банкімен» бірлесіп, тұрғын үй сатып алушылардың бастапқы жарнасын азайту жолдарын қарастыруда.
