«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпаратЗаңҚұқық

«Қазақстанға келмесе де, 69 мың теңге айыппұл алған»: Қате айыппұлды қалай даулауға болады?

Қазақстандық әйел үш жылдан бері шетелде тұрса да, өзіне 69 мың теңге көлемінде жол айыппұлы келгенін айтып шағымданды. Оның сөзінше, осы уақыт ішінде Қазақстанға бірде-бір рет келмеген. Әлеуметтік желіде мұндай жағдайға тап болған басқа азаматтар да өз оқиғаларын бөлісті.

ІІМ мәліметінше, жол камералары жасанды интеллект арқылы көліктің мемлекеттік нөмірін танып, ақпараттық базамен салыстырады. Нөмірдегі таңбалардың кемінде 99 пайызы дұрыс анықталғанда, жүйе автоматты түрде айыппұл туралы нұсқама дайындайды.

Алайда камераның немесе жүйенің қателесу ықтималдығы бар. Егер фотода басқа көлік болса, көлік сатылып кеткен болса немесе азамат құқық бұзушылық тіркелген уақытта шетелде жүрген болса, айыппұлға шағымдануға құқылы.

Ол үшін нұсқаманың көшірмесін, жеке куәлікті, көліктің техникалық паспортын және жағдайды растайтын құжаттарды ұсыну қажет. Шетелде болғанын шекарадан өткені туралы мәліметтермен, паспорттағы белгілермен немесе әуе билеттерімен дәлелдеуге болады.

Шағымды айыппұл шығарған органға немесе сотқа жолдауға болады. Автоматты түрде тіркелген құқық бұзушылық бойынша нұсқамаға шағымдану мерзімі – заңда белгіленген тәртіппен 15 тәулік және одан кейінгі 10 тәулік. Ал қаулыға оның көшірмесін алғаннан кейін 10 тәулік ішінде шағым түсіруге болады.

Шағым қаралып жатқан кезде айыппұлды төлеу міндетті емес. Егер айыппұл заңсыз деп танылып, күші жойылса, ақпараттық базаға тиісті өзгерістер енгізіледі. Ал ақшаны төлеп қойған азаматтар оны қайтаруды талап ете алады.

Еске салайық, тамыз айында Алматы – Қорғас тасжолында да жаппай қате айыппұл тіркелген. Жүзге жуық жүргізушіге 118 мың теңгеден басталып, миллион теңгеден асатын айыппұл келген. Кейін ІІМ Алматы және Жамбыл облыстарында техникалық ақау болғанын растады. Соның салдарынан орташа жылдамдықты асыру фактілері лездік жылдамдықты асыру ретінде рәсімделген.

Ұқсас жаңалықтар

По всему Казахстану: МВД стартовал ОПМ

Дамир Оразбаев

Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер тест тапсырады: өтініш қабылдау басталады

«Өте діндар, тұйық болған»: Атыраудағы резонансты іс бойынша күйеу балаға күдік күшейді

Redaktor Shyn-Ar