«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

Қазақстанда ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін көтеріледі: бюджеттен қанша қаражат бөлінеді?

Қазақстанда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл өзгеріс 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын қарау барысында мақұлданды.

Ең төменгі жалақыны арттыруға 2027 жылы бюджеттен 75,9 миллиард теңге бағыттау жоспарланып отыр. Нәтижесінде ең төменгі жалақы 25 мың теңгеге, яғни шамамен 29,4 пайызға өседі.

Сонымен қатар, депутаттар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру үшін қосымша 114,1 миллиард теңге бөлуді қолдады.

Бұл қаражаттың бөлінуі төмендегідей:

  • 75,9 миллиард теңге – ең төменгі жалақыны арттыруға;
  • 20 миллиард теңге – алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге;
  • 600 миллион теңге – орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізуге;
  • 17,6 миллиард теңге – басқа да міндеттерді орындауға жұмсалады.

Бұдан бөлек, Президенттің жекелеген тапсырмаларын іске асыруға тағы 101,5 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде 34,5 миллиард теңге Сәтбаев атындағы каналдан Астанаға дейін су құбырын тартуға бағытталмақ.

Сондай-ақ шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғыртуға 21,9 миллиард теңге, «Балқаш» атом электр станциясына қатысты іздестіру жұмыстарына 16,2 миллиард теңге бөлу көзделген.

Өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға да қосымша 47 миллиард теңге қарастырылды. Бұл қаржы жылу, газ, электр және сумен жабдықтау жүйелерін жетілдіруге, денсаулық сақтау нысандарын дамытуға, арнайы экономикалық аймақтарды қолдауға, әуе көлігі саласына және Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің қажеттіліктеріне жұмсалады.

Ең төменгі жалақы соңғы рет қашан өсті?

Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері соңғы рет 2024 жылғы 1 қаңтарда өзгерген болатын. Сол кезде көрсеткіш 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін көтерілді.

Одан кейін де ең төменгі жалақыны арттыру мәселесі бірнеше рет талқыланды. 2025 жылғы маусымда Қаржы министрі Мәди Такиев бюджет мүмкіндігіне қарай бұл соманы шамамен 90 мың теңгеге дейін жеткізу ықтималдығын айтқан еді.

Алайда сол жылдың тамызында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ең төменгі жалақыны көтеру жоспарда жоқ екенін мәлімдеген.

Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай депутаттары 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. Құжатты 128 депутат қолдаса, алтауы қалыс қалған.

Ұқсас жаңалықтар

Қадір түнін қалай өткізу керек?

Алматы облысында 32,5 млрд теңгеге биофармацевтикалық зауыт салынады

Алматыда «Jas CUP» жастар арасындағы футбол турнирі өтті

Redaktor Shyn-Ar