«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратДенсаулық

МӘМС қаржысын жымқыру: Мемлекетке келген шығын 2 млрд теңгеге жетті

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі қаржы жымқыру деректеріне қатысты 14 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі екі миллиард теңгеге жеткен. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) ресми сауалға берген жауабында мәлімдеді.

МӘМС жүйесіндегі заңбұзушылықтар туралы алғаш рет 2026 жылдың сәуір айының басында ҚМА төрағасы Жанат Элиманов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында айтқан болатын. Ол өз баяндамасында бюджеттік қаражаттың жұмсалуындағы заңсыз әрекеттер, қаржы пирамидалары және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы жұмыстар туралы ақпарат берген.

ҚМА мәліметінше, қылмыстық істер МӘМС аясында бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша тіркелген. Тергеу барысында бірнеше заңсыз схема анықталған.

Олардың қатарында:
– ақпараттық жүйеге расталмаған медициналық қызметтерді енгізу;
– анестезия көлемін жасанды түрде көбейту арқылы көрсетілген қызмет құнын арттыру;
– стоматологиялық емханаларға бармаған азаматтарды тіркеу;
– жалған стоматологиялық қызмет көрсету;
– қайтыс болған адамдарға көрсетілді деп медициналық қызмет рәсімдеу;
– консультациялық-диагностикалық қызметтерді жалған көрсету фактілері бар.

Қазіргі таңда 14 істің үшеуі бойынша тергеу аяқталып, алты адамға қатысты материалдар сотқа жолданған. Оның бірінде сот айыптау үкімін шығарса, қалған екі іс әлі сот қарауында.

Қалған 11 қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Істер Астана қаласында және Ақмола, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жетісу мен Абай облыстарында қаралуда.

Ұқсас жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы министрлігі енді азаматтық қорғанысқа да жауапты болады

Украина аумағының бір бөлігін Ресейге беруге тура келуі мүмкін – Трамптың арнайы өкілі

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІ МЕН ВЬЕТНАМ РЕСПУБЛИКАСЫ ХЫНГ ЙЕН ПРОВИНЦИЯСЫНЫҢ ХАЛЫҚ КОМИТЕТІ АРАСЫНДА МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ