«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпаратэкономика

Олжас Бектенов темір жол жобаларын уақытылы пайдалануға беруді тапсырды

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін арттыру бойынша нақты міндеттерді атады. Оның айтуынша, транзиттік хаб ретіндегі еліміздің позициясын күшейту үшін инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді кеңейту қажет.

– Мемлекет басшысы еліміздің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Теміржол тасымалы нарығы жыл сайын бәсекеге қабілетті бола түсуде. Осыған орай, шекара маңындағы инфрақұрылымдық «осал тұстарды» ретке келтіріп, әсіресе «Шығыс — Батыс» бағыты бойынша транзит көлемін арттыруымыз қажет, – деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектеновтың мәлімдеуінше, биыл бірқатар ірі жобалар – «Достық — Мойынты» және «Алматы қаласының айналма жолы» іске қосылады. Сондай-ақ, «Дарбаза — Мақтаарал» және «Бақты — Аягөз» теміржол желілері салынуда. Бұл жобалар күрделі учаскелер мен түйінді тораптардың жүктемесін азайтып, транзиттік ағынды едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, «Мойынты — Қызылжар», «Алтынкөл — Жетіген», «Бейнеу — Маңғыстау» теміржол желілерін салу және жаңғырту жұмыстары басталды. Жобалар еліміздің өткізу қабілетін арттыруға бағытталған.

– Барлық жұмыстар уақтылы аяқталуы тиіс. Сонымен қатар, цифрландыру – саланың басты бағыты. Автоматтандырылған басқару жүйелері, цифрлық диспетчерлеу және ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы тиімділікті арттырамыз, – деді Премьер-министр.

Ұқсас жаңалықтар

Қайрат Сатыбалдыны шақырғаннан кейін әскери колледждің басшысы жұмыстан шығарылды

Қазақстанда ер адамдардың бос уақыты әйелдерге қарағанда екі есе көп

2026 жылдан бастап ажырасу, паспорт пен жүргізуші куәлігін жасату қымбаттайды