«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеуметЗаңҚаржы

«Отбасы банктегі» тұрғын үй кезегі саудаға түскен бе?

Тұрғын үй кезегін жылжыту үшін ақша алған банк қызметкерлері анықталды. «Отбасы банктің» 2025 жылғы есебінде бірнеше сыбайлас жемқорлық схемасының әшкереленгені жазылған. Ең сорақысы — баспанаға мұқтаж азаматтар үшін аса маңызды саналатын тұрғын үй кезегіне қатысты заңсыз әрекеттердің болуы.


Банк мәліметінше, кей қызметкерлер клиенттерден ғана емес, риелторлар, нотариустар мен жеке сот орындаушыларынан да заңсыз сыйақы алған. Олар белгілі бір адамдардың мәселесін шешуге, соның ішінде тұрғын үй кезегін жылжытуға ықпал еткені үшін ақша алған.

Яғни баспанаға кезекпен, заңға сай қол жеткізуі тиіс азаматтардың мүмкіндігі біреудің ақшасы арқылы айналып өтілуі мүмкін болған.

Бұған қоса, банк филиалдарының бірінде несие рәсімдеу кезінде де өрескел заңбұзушылық тіркелген. Қызметкер азаматтардың табысын әдейі жоғары көрсетіп, олардың төлем қабілетін дәлелдеу үшін жалған анықтамалар дайындаған. Осы құжаттар несие өтінімдеріне тіркелген.

Банк бұл фактілерді құқық қорғау органдарына хабарлаған. Қазір бірнеше қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр.

Заңбұзушылықтарға қатысы бар қызметкерлердің барлығы жұмыстан шығарылған. Еңбек шарттары «сенімнен айырылуына байланысты» бұзылған.

Алайда бұл жерде мәселе бірнеше қызметкердің жұмыстан қуылуымен ғана шектелмейді. Тұрғын үй кезегі — мыңдаған азаматтың баспаналы болуын айқындайтын жүйе. Егер кезек ақша арқылы жылжитын болса, заңға сеніп, жылдар бойы күткен қарапайым азаматтың жағдайы не болмақ?

«Отбасы банктің» есебіндегі бұл деректер тұрғын үй саласындағы бақылау мен ашықтықтың қаншалықты маңызды екенін тағы бір көрсетті. Енді тергеу нәтижесінде нақты кімнің қандай әрекет жасағаны және осы схемалардың қаншалықты кең таралғаны анықталуы тиіс.

Ұқсас жаңалықтар

«Телефонымды ұрлады!» – қазақстандық блогердің пранкі Қытайда заңбұзушылық ретінде қарастырылуда

Redaktor Shyn-Ar

Шерзаттың өлімі: Күдіктілер арасында бұрын сотталғандар бар

«Отбасыма араласты»: Сұлтан Сәрсемалиев өмір бойы түрмеде отыруға дайын екенін айтты