Алматы қаласының Медеу аудандық соты Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты, «Аманат» партиясының мүшесі Жарылқасын Болатұлын аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот үкімімен ол 6 жыл 8 айға орташа қауіпсіздік мекемесіне бас бостандығынан айырылды.
Тергеу материалдарына сәйкес, депутат элиталық ауданда орналасқан бір коттеджді бірнеше адамға сатып, жалпы 126 миллион теңгеден астам қаржы иеленген.
Алғашқы сатып алушы 2025 жылдың ақпанында үй үшін 10 миллион теңге кепілақы берген. Алайда сатушы баспананың «қызыл сызықта» орналасқанын, яғни болашақта сүрілуі мүмкін екенін жасырған. Кейін мәміле бұзылғанымен, кепілақы қайтарылмай, сатып алушының байланысқа шығу әрекеттері жауапсыз қалған.
Кейін үй екінші сатып алушыға ұсынылған. Жарылқасын Болатұлы жылжымайтын мүлік банк кепілінде тұрғанын айтып, 116 миллион теңге көлеміндегі қарызды өтеуді сұраған. Сатып алушы аталған соманы банкке аударып, қосымша 3 миллион теңгені депутаттың өзіне берген. Алайда құжаттарды рәсімдеу кезінде үйге бірнеше тыйым салынғаны анықталып, мәміле аяқталмаған.
Банк кепілі алынғаннан кейін депутат құжаттардың телнұсқасын рәсімдеп, сол коттеджді үшінші адамға сатып жіберген.
Сотта Жарылқасын Болатұлы өз кінәсін мойындамады. Дегенмен ол сатып алушылардан ақша алғанын және қаражатты өзінің «Айсулу» тігін фабрикасына инвестициялағанын растады. Сондай-ақ алғашқы сатып алушымен жанжалдан кейін байланысын үзгенін, ал екінші сатып алушы банк мәселесін өзі шешуі керек болғанын мәлімдеді.
Іс қарау барысында сотталушы жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды толық өтеген. Соған қарамастан, судья Жасұлан Хусаинов оның әрекетінің қоғамға қауіпті екенін атап өтіп, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Алматы прокуратурасы өзін құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ретінде таныстырған алаяқтар тобының әрекетін әшкерелеген болатын. Тергеу мәліметінше, күдіктілер алматылық зейнеткерлерді пәтерлерін сатуға көндіріп, ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуға мәжбүрлеген. Соның салдарынан келтірілген жалпы шығын 1,5 миллиард теңгеден асқан.
