Қазақстанда жұмыс берушілер қызметкерлермен арадағы еңбек шартын арнайы ақпараттық жүйеге жүктеуге міндетті. Алайда, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, министрлік екі жерде жұмыс істейтін адамдардың санын қадағаламайды және заң бойынша бұл әрекетке тыйым салынбаған.
“Жұмыс беруші өз қызметкерімен жасалған еңбек шартын Еңбек кодексінің талабына сәйкес ақпараттық жүйеге жүктеуге міндетті. Бұл қызметкердің құқығын қорғау үшін қажет — яғни еңбек шарты жасалғанын, онда қандай жағдайлар қарастырылғанын, жалақы мөлшері мен еңбек жағдайын ресми түрде растау үшін”, — деп түсіндірді Асқарбек Ертаев.
Елімізде 7 миллионға жуық жалдамалы қызметкер бар, олардың 4 миллионы ақпараттық жүйеде тіркелген. Қалғандары азаматтық-құқықтық шарттар немесе басқа құжаттар негізінде жұмыс істейді.
Журналистердің “Ведомство екі жерде жұмыс істейтін қызметкерлерді қадағалай ма? Заң бойынша екі жерде жұмыс істеуге тыйым салынған ба?” деген сұрағына ол былай жауап берді:
“Азамат негізгі және толық емес жұмыс күні бойынша жұмыс істесе, оған заң тыйым салмайды. Мұндай жұмысқа жол берілген. Дегенмен біз қосымша жұмыс істейтін қызметкерлердің санын есепке алмаймыз.”
Еңбек кодексі бойынша азаматтар бірнеше жұмыс берушіге қызмет ете алады. Дегенмен негізгі жұмыс күні 8 сағаттан, қосымша жұмыс 4 сағаттан аспауы тиіс, яғни күніне барлығы 12 сағаттан артық жұмыс істеуге болмайды.
Толық жұмыс күнімен екі жерде жұмыс істеуге заңмен тыйым салынған.
