«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

ЖАЗУШЫ БАС ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

Республика күні қарсаңында Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» жобасын қолдау мақсатындағы «Шалқар» радиосының құрылғанына 60 жыл толуы аясында «Кітап оқитын ұлт» интеллектуалды-зияткерлік сайысы өтті.


«Кітап оқитын ұлт» интеллектуалды-зияткерлік сайысына «Шалқар» радиосының түрлі саладағы бес тыңдарманы қатысты: жазушы, ақын-аудармашы, кітапханашы, диктор және студент.

Тартысты бәсекеге атап айтқанда жазушы, «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті жазушысы Жалғасқали Мұсағалиұлы Дүтмағанбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ардагер диктор Аманжан Еңсебайұлы Серіков, Ұлттық Кітапхана қызметкері Айбала Қанатбайқызы Бекмұханбет, ақын-аудармашы, редактор Дидар Саматқызы Сәрсенбекова және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің студенті Әнуар Бауыржанұлы Ахметкәрім қатысты.

Қазақтың руханияты мен мәдениетіне, салты мен дәстүріне және тарихы мен ұлттық танымына қатысты сұрақтар қойылды. Екі жүзге тарта қойылған сұрақтың деніне жауап берген жазушы, «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті жазушысы Жалғасқали Дүтмағанбетов сайыстың «Бас жүлдегері» атанды. Шара қорытындысында, «Шалқар» радиосының қызметкерлерінің қазылығымен анықталған үздік ойыншы-тыңдармандар марапатталды.

Шараға арнайы қонақ ретінде келген Қазақстан Рекордтар кітабының өкілі Тастүлеков Бақытжан Сәбитұлы қатысты. Өз кезегінде сөз алған ол «Кітап оқитын ұлт» интеллектуалды-зияткерлік сайысының жоғары деңгейде өткенін айтты. Қазақстан Рекордтар кітабын шараны ұйымдастырушы «Шалқар» радиосының Бас редакторы Болатбек Төлепберген мен сайыстың бас жүлдегері Жалғасқали Дүтмағанбетовке тапсырды.

Биыл «Шалқар» радиосының 60 жылдық мерейтойы жыл басынан бері атап өтілуде. Мерейтойлық шаралар аясында арна өз тыңдарманын кітап оқуға үндеу мақсатында «Кітап оқитын ұлт» интеллектуалды-зияткерлік сайысын ұйымдастырды.

«Шалқар» радиосы — қазақтың күретамыры, ұлттың үнжариясы. Ғасырлар қойнауынан келе жатқан төл мұрамызды насихаттауда өлшеусіз еңбек етіп келе жатқан ұлттық радио әлі де тың жаңалықтарымен тыңдарманын қуанта бермек.

Жиынға радио ардагерлері мен радио тыңдармандары, «Шалқар» радиосының қызметкерлері мен БАҚ өкілдері және студенттер қатысты.

Сайыстың «Бас жүлдегері» атанған, шараға Атырау қаласынан арнайы келген жазушы, «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті жазушысы Жалғасқали Дүтмағанбетов Алматы қаласындағы Жоғары оқу орындары студенттерінің де сауалдарына да тұшымды жауап берді.

Иә, қазақ тарихында ашық айтылмай келе жатқан ақтаңдақтар аз емес. Осылай екенін атыраулық жазушы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері Жалғасқали Дүтмағанбетовтың «1812 жыл: Соғыс және Бейбітшілік (Қазақы нұсқа)» дейтін трилогиясынан да анық білуге болады. Біз Наполеонның әскерін өкшелеп қуып, Парижге дейін барған орыс әскерінің құрамында шайқасқан қазақтар ерекше ерлік жасағанын француз тарихшыларының айтуы бойынша білдік.

Жалғасқали Мұсағалиұлы аталған кітабында екі жүз жылдық тағдырымызды нақты дерек көздеріне сүйене отырып баяндайды. Архивтік материалдар пайдаланылады. Ең ғажабы, бұл соғысқа автордың бабалары қатысқан. Бір бабасы Франциядан жалғыз қайтпай, Мишель деген сұлуды ала қайтады. Өкініштісі, ол бала босанып жатқанда көз жұмады. Өмірге ұл келеді, ол өседі, ұрпақ ұластырады. Бүгінде француздың жиеншарлары біршама. Солардың бойындағы қан үзілмей, арада әлденеше ұрпақ өтсе де, беттері ақ сары, көздері көк болып келеді екен. Кітапта фотосуреттер де берілген. Соның бірі Атырау облысы, Доссор елді мекенінде Байбақты атаның қасындағы Мишельдің бейітінің суреті.

Бір әулеттің бұрынғысы мен бүгінгісі үзілмей, жатық тілмен астаса жалғасып жеткізіледі. Әсіре бояудан аулақ үш том автордың өз қаржыландыруы бойынша аз таралыммен ғана «Тоғанай Т» баспасынан жарық көрген. Тағы бір ерекшелігі, қазақша нұсқасы танымал кәсіби аудармашылардың арқасында орыс, ағылшын және француз тілдерінде де басылып шықты. Аударма сапасына ерекше мән берген автор Абылайхан атындағы Әлем тілдері университетінің ұстаздар ұжымымен берік байланыста болып, аудамашылармен де шығармашылық тұрғыда жұмыс істеген.

Жалпы Республикалық «Кітап оқитын ұлт» интеллектуалды-зияткерлік сайысында жазушы, «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті жазушысы Жалғасқали Дүтмағанбетовтың «Бас жүлдегер» атануы заңдылық деп білеміз.

Салтанат Әбдіғали

Ұқсас жаңалықтар

Мемлекеттік грантқа түсе алмағандарға тағы мүмкіндік бар: университеттер 2 мыңнан астам грант ұсынады

Redaktor Shyn-Ar

Халық жазушысы, ақын Исраил Сапарбай өмірден өтті

НЗМ-дегі оқушы әрекеті қоғамда резонанс тудырды: Мектеп басшысы не дейді?