Алматыда жаңа №215 мектептің аралас тілде ашылуына қарсы шыққан белсенді әрі математика пәнінің мұғалімі Дархан Ардақұлы 15 тәулікке қамалды. Ол өзінің Facebook парақшасында «мектепке барамыз» деген сөзі үшін рұқсатсыз митингке шақырды деп айыпталған. Ол бұл айыппен келіспейтінін және тек өз пікірін білдіргенін айтты.
Белсенділер мен ата-аналардың пікірінше, мектеп алғашқыда тек қазақ тілінде оқытылатын болады деп уәде етілгенімен, кейіннен аралас тілде білім берілетіні хабарланған. Олар бұл ауданның қазақ тіліндегі мектепке аса мұқтаж екенін атап өтті.
Білім басқармасы мектептің тілін ата-аналардың сұранысына қарай анықтайтынын мәлімдеп, шешім алдағы аптада жарияланатынын хабарлады.
Қазіргі таңда Алматыда 215 мемлекеттік мектеп бар: олардың 77-сі қазақ тілінде, 57-сі орыс тілінде, 78-і аралас, ал 3-і ұйғыр тілінде білім береді.
Сонымен қатар, «Комфорт» тұрғын үй кешенінде тұратын қазақ балалары аталмыш мектепке «біздің учаскеге жатпайсыздар» деген себеппен қабылданбай жатқандығы туралы да ата-аналар хабарлады.
Айта кетерлігі, №215 мектептің жанында таза орыс тілінде сабақ беретін мектеп болса да, жаңа мектептің аралас тілде ашылуы жергілікті қазақ тіліндегі білімге сұраныстың жоғары екенін ескермеу ретінде қабылданып, ата-аналардың наразылығын тудырып отыр.
