«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпарат

Қазақстанда суррогат аналардың шетелдіктерге бала туып беруіне тыйым салынбақ

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қазақстандық әйелдерге шетел азаматтары үшін суррогат ана болуға тыйым салу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл бастаманы бұған дейін Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова көтерген болатын. Оның айтуынша, Қазақстандағы суррогат ана қызметін реттеу талаптарының салыстырмалы түрде жеңіл болуы елді репродуктивтік туризм үшін тартымды етіп отыр.

Депутат халықаралық суррогат ана тәжірибесінде ата-аналықты анықтау, азаматтық беру және баланың құқықтық мәртебесін тану мәселелеріне байланысты даулар мен сот процестері жиі туындайтынын атап өтті. Мұндай жағдайларда ең үлкен қауіп – ата-аналықтың өзара танылмауы, соның салдарынан баланың азаматтығы болмай қалуы немесе құқықтық мәртебесінің белгісіз болуы.

Бұл депутаттық сауалға жауап берген Қанат Бозымбаев қазіргі таңда қазақстандық суррогат аналардың қызметін ел азаматтары да, шетелдіктер де пайдалана алатынын растады. Алайда соңғы жылдары халықаралық суррогат анаға байланысты қақтығыстар мен сот істері көбейгенін айтты. Осыған байланысты суррогат ана мен тапсырыс беруші арасындағы келісімдерді рәсімдейтін рекрутингтік агенттіктерді лицензиялау мәселесі де қарастырылып жатыр.

Вице-премьердің айтуынша, суррогат ана қызметін тек Қазақстан Республикасының азаматтарына ғана көрсету нормасын енгізу қажеттілігі туындаған. Тиісті түзетулерді Денсаулық сақтау министрлігі «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске әзірлеген. Қазіргі уақытта құжат мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында, ал келісімнен өткен соң Парламент қарауына енгізіледі.

Мамандар да мұндай жағдайлардың жиілегенін растайды. Репродуктолог Гүлсім Әбенованың айтуынша, кейбір әйелдер шетелде, әсіресе Грузияда суррогат ана болып, орталықтардың банкротқа ұшырауына байланысты еңбекақысын ала алмай қалады. Соның салдарынан олар қиын жағдайға тап болып жатады.

Әзірге шетел азаматтары Қазақстанда суррогат аналардың қызметін пайдалана алады. Алайда бұған дейін қазақстандық әйелдердің шетелдіктер үшін суррогат ана болуына тыйым салу ұсынылғаны хабарланған еді.

Ұқсас жаңалықтар

Азаматтық алу жеңілдейді: Қазақ тілінен талап төмендетілмек

Redaktor Shyn-Ar

Жеңістің 80 жылдығына орай ардагерлерге 5 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлем қарастырылды

Redaktor Shyn-Ar

Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қазақстанға келді

Redaktor Shyn-Ar