1 қарашадан бастап Қазақстанға визасыз кіре алатын шетел азаматтары үшін елге кіруге арналған ақылы электронды рұқсат — Electronic Travel Authorization (ETA) жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі.
Қазақстанға кірудің жаңа тәртібі туралы ақпаратты Сербияның Сыртқы істер министрлігі жариялады.
Электронды рұқсатты QazETA цифрлық платформасы арқылы рәсімдеу жоспарланып отыр. Өтінішті сапарға шығардан кемінде 72 сағат бұрын беру қажет.
ETA рұқсаты 180 күнтізбелік күн бойы жарамды болады. Осы мерзім ішінде шетел азаматы Қазақстанға бірнеше рет кіре алады.
Алдын ала мәлімет бойынша, QazETA платформасы арқылы рұқсат рәсімдеу құны 3900 теңге болады. Егер электронды рұқсат шекара бекетінде рәсімделсе, оның бағасы екі есе жоғары — 7800 теңге.
Жаңа талаптар кезең-кезеңімен енгізіледі. 1 қарашадан бастап Қазақстанға әуе көлігімен келетін шетел азаматтарына электронды рұқсат алу міндетті болады. Ал 30 қарашадан бастап бұл талап Ресей және Қырғызстанмен шекарадағы автокөлік өткізу бекеттеріне де қатысты енгізіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы мемлекеттік шекарадан өту тәртібін өзгертетін заңнамалық түзетулерге қол қойған болатын. Жаңа өзгерістерге сәйкес, шетел азаматтарының Қазақстанға кіру тәртібі қайта қаралып, цифрлық рұқсат беру жүйесін енгізу көзделген.
