«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпарат

«Ұлттық қор – балаларға»: пайдаланылмаған қаражат кейін зейнетақы шотына аударылуы мүмкін

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында берілетін қаражат кәмелетке толғаннан кейін бірден пайдаланылмаса да жойылмайды. Егер азамат 18 жасқа толғаннан кейін 10 жыл ішінде, яғни шамамен 28 жасқа дейін өз жинағын игермесе, қаражат автоматты түрде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жеке зейнетақы шотына ерікті зейнетақы жарнасы ретінде аударылады.

Бұл туралы Ұлттық банк редакцияның ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Қазіргі уақытта Ұлттық банк БЖЗҚ-мен бірлесіп, пайдаланылмаған қаражатты басқару тетігін әзірлеп жатыр. Жоспарға сәйкес, бұл қаржы ақша нарығында доллармен бір күндік репо (овернайт) операциялары арқылы инвестицияланады.

Реттеушінің түсіндіруінше, мұндай тәсіл қаражаттың жоғары өтімділігін сақтай отырып, қосымша инвестициялық табыс табуға мүмкіндік береді. Себебі көптеген қатысушы 18 жасқа толғаннан кейін жинағын бірден пайдаланбайды, сондықтан қаражат сұратылғанға дейін оны тиімді басқару көзделіп отыр.

Қазіргі таңда 18 жасқа толған қатысушылардың қаражаты БЖЗҚ-дағы нысаналы жинақтау шоттарында АҚШ долларымен сақталады. Егер 10 жыл ішінде қаражат игерілмесе, ол автоматты түрде жеке зейнетақы шотына аударылып, зейнетақы жинағы ретінде инвестициялана бастайды.

Жаңа инвестициялық механизм іске қосылғанға дейін пайдаланылмаған қаражат арнайы шоттарда сақтала береді. Ұлттық банк бұл жүйені енгізу мерзімі қажетті нормативтік құжаттардың қабылдануына және техникалық дайындыққа байланысты екенін атап өтті.

БЖЗҚ мәліметінше, бағдарлама іске қосылғалы бері балалардың шоттарына жалпы көлемі шамамен 2,5 миллиард АҚШ доллары аударылған.

2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша кәмелетке толған қатысушылар 62,7 миллион долларды пайдаланып үлгерген. Оның ішінде 41 миллион доллар тұрғын үй жағдайын жақсартуға, ал 21,7 миллион доллар білім алу ақысын төлеуге жұмсалған.

Қордың дерегіне сәйкес, бағдарламаға қатысушылардың белсенділігі де артып келеді. Егер алғашқы жылы 2006 жылы туған қатысушылар жинақтарының шамамен 15 пайызын ғана пайдаланса, бүгінде бұл көрсеткіш 35 пайызға жеткен. Ал 2007 жылы туған қатысушылардың жинақтарының үштен бірінен астамы игерілген.

Еске салайық, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы 2024 жылғы 1 қаңтарда іске қосылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бағдарламаға қатысқан әр баланың шотына 130,71 АҚШ доллары аударылды. Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны 6 918 656 балаға жетті.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Газаға әскер жібермек: Трамп Тоқаевқа алғыс айтты

Шымкентте миллиондаған қаржыға отырғызылған ағаштар қурап жатыр

Қарағандыда 2 сәбиін сатқан көпбалалы ана сотталды