«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпаратэкономика

Серік Жұманғарин: Қазақстан экономикасының өсімі 4,1%-ға жетті

Қазақстан экономикасы 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында оң динамика көрсетті. Қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша елдің нақты жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 4,1%-ға өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Оның айтуынша, экономикалық өсім қарқыны қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа артқан. Негізгі өсім нақты сектордағы көрсеткіштердің жақсаруымен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, осы кезеңде нақты сектордың өсімі қаңтар-мамырдағы 4%-дан 5,1%-ға дейін жеделдеген.

Серік Жұманғарин экономиканың негізгі салаларында тұрақты өсім байқалып отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстан экономикасының басты драйвері бұрынғыдай тек мұнай саласымен шектелмей, мұнайға қатысы жоқ өндіріс, өнеркәсіп және басқа да нақты сектор бағыттары болып отыр. Биыл бұл салалардағы өсім қарқыны тұрақты түрде 5%-дан жоғары деңгейде сақталған.

Сарапшылардың бағалауынша, инвестициялық белсенділіктің артуы, өнеркәсіптік өндірістің дамуы және жаңа жобалардың іске қосылуы Қазақстан экономикасының құрылымын әртараптандыруға ықпал етуде. Соның нәтижесінде ел экономикасының шикізаттық секторға тәуелділігі біртіндеп төмендеп, өндірістік бағыттардың рөлі артып келеді.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанның ұлттық нышандар тізімі бекітілді

18 миллион: Бухгалтер өзіне де, күйеуіне де заңсыз ақша аударған

Жолаушылар енді пойыздың нақты қай жерде келе жатқанын онлайн режимде бақылай алады