Алматы қаласында Қазақстандағы алғашқы крематорий таяу уақытта өз жұмысын бастайды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, 9 қаңтарда Әділет министрлігінде Ұлттық экономика министрлігінің жерлеу және қабірлерді күтіп-ұстау ісін ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер енгізуге қатысты бұйрығы тіркелген. Аталған құжат крематорийлердің қызметіне құқықтық негіз қалыптастырып, елімізде кремация рәсімін алғаш рет заңнамалық деңгейде жүргізуге мүмкіндік береді.
«Бұйрық күшіне енгеннен кейін Алматыдағы крематорий санитарлық және құқықтық талаптарды сақтай отырып, белгіленген тәртіппен қызмет көрсететін болады», – делінген ресми хабарламада.
Қазіргі таңда Алматы қалалық патологоанатомиялық бюросының байқау кеңесі арқылы кремация қызметтеріне арналған тарифтерді бекіту рәсімі жүргізіліп жатыр. Қызмет көрсету тәртібі мен бағалар туралы толық ақпарат аталған бюроның ресми сайтында жарияланбақ.
Еске салайық, 2025 жылдың қыркүйегінде Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы алдағы алты–жеті жыл ішінде қаладағы зираттарда марқұмдарды жерлеуге орын қалмайтынын мәлімдеген болатын. Ресми дерекке сәйкес, қазіргі таңда Алматыда 70 зират бар, оның 61-і жабылған. Жаңа зираттарға арналған жер телімдері бекітіліп жатыр, алайда олар Алматы облысының аумағында орналасады.
