«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратэкономика

Қазақстанның мемлекеттік бюджет кірісі бес айда 11,4 трлн теңгеден асты

2026 жылғы қаңтар–мамыр айларында Қазақстанның мемлекеттік бюджетінің кірісі 11,4 трлн теңгеге жетіп, жоспарлы көрсеткіштен асып түсті. Бұл туралы Қаржы министрлігі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, аталған көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға жоғары. Бұл елдегі экономикалық белсенділіктің тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Республикалық бюджет кірістері жоспардың 100,9%-ына орындалды. Жоспарланған 7,34 трлн теңгенің орнына бюджетке 7,41 трлн теңге түсті. Нәтижесінде түсімдер болжамнан 66,7 млрд теңгеге артық болды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда республикалық бюджет кірісі 25,1%-ға немесе 1,48 трлн теңгеге өскен.

Ал жергілікті бюджеттердің кірісі 4,05 трлн теңгені құрап, 2025 жылдың алғашқы бес айымен салыстырғанда 2,4%-ға артқан.

Қаржы министрлігінің дерегіне сәйкес, республикалық бюджет кірістерінің 97,7%-ын салықтық түсімдер құрайды. Бұл бағыттағы жоспар 100,5%-ға орындалып, түсім көлемі 30%-дан астам өскен. Өсімге қосылған құн салығы (ҚҚС), корпоративтік табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық және мұнай экспортына қатысты кедендік баж түсімдерінің артуы әсер еткен.

Мамандар кірістердің көбеюін әлемдік шикізат нарығындағы қолайлы баға жағдайымен, іскерлік белсенділіктің артуымен және жүргізілген салық реформасының оң нәтижелерімен байланыстырады.

Мемлекеттік бюджет бұрынғысынша даму бюджеті мәртебесін сақтап отыр. Қаражаттың басым бөлігі жол құрылысы мен жөндеуге, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға, көлік-логистикалық дәліздерді дамытуға, энергетика, сумен жабдықтау және цифрландыру жобаларын іске асыруға бағытталуда.

Жалпы, бес айдың қорытындысы бюджет кірістерінің тұрақты өсімі мен түсімдердің оң динамикасы сақталғанын көрсетті.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде өткен жылы бюджет қаражатының 649 млрд теңгесі тиімсіз жұмсалғаны туралы хабарланған болатын.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Қытай банкінен неге қарыз алды?

Қазақстанға ең көп инвестиция салатын елдердің тізімі жарияланды

Тоқаев әлеуметтік қорғау және зейнетақы жүйесін жетілдіру бойынша тапсырма берді