Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевты қабылдап, зейнетақы жүйесін жетілдіруге қатысты бірқатар тапсырма берді. Кездесу барысында Президентке министрлік қызметінің биылғы басым бағыттары жөнінде баяндалды.
Президентке халықты жұмыспен қамту жоспары таныстырылды. Уақытша шаралардан гөрі тұрақты әрі сапалы жұмыс орындарын құру, еңбек ұтқырлығын арттыру, сондай-ақ білім беру жүйесі мен еңбек нарығының сұранысы арасындағы байланысты күшейту көзделіп отыр. Әсіресе жастарды, оның ішінде NEET санатындағы азаматтарды жұмыспен қамтуға ерекше назар аударылады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына атаулы әлеуметтік көмек жүйесін одан әрі жетілдіру жоспары ұсынылды. Министрлік цифрлық бағалау құралдарын енгізу арқылы әлеуметтік қолдаудың нақты мұқтаж азаматтарға жетуін қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Еңбекке қабілетті көмек алушыларды міндетті түрде жұмыспен қамтуды көздейтін әлеуметтік келісімшарт тәжірибесін кеңейту де назарға алынған.
Кездесуде зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету және зейнетақы төлемдерінің лайықты деңгейін сақтау мәселелері қозғалды.
Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау бағытындағы жұмыстарға да басымдық берілді. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігін дамыту, қызмет сапасының стандарттарын арттыру, оңалту қызметтері мен техникалық құралдардың қолжетімділігін кеңейту, сондай-ақ инклюзивті жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр.
Министр көші-қон саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары туралы да мәлімет берді. Онда көші-қон үдерістерін басқару мен болжауды жетілдіру, ішкі миграцияны теңгерімді дамыту және еңбек нарығын қорғауға басымдық бере отырып, еңбек көші-қонын реттеу қарастырылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыру, азаматтардың табысын ұлғайту, әлеуметтік қолдаудың нақты мұқтаж жандарға жетуін қатаң бақылау, зейнетақы жүйесін жетілдіру, теңгерімді көші-қон саясатын жүзеге асыру, әлеуметтік қорғауда инклюзивті тәсілдерді дамыту, сондай-ақ цифрлық шешімдер арқылы еңбекті қорғау жүйесін нығайту және қауіп-қатерлердің алдын алу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
