«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратДенсаулық

Тегін емнің тізімі: МӘМС жүйесіне жаңа аурулар енгізілді

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде және әлеуметтік мәні бар аурулар тізбесінде маңызды өзгерістер енгізіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаңа жылдан бастап МӘМС пакеті қант диабетін, балалардың церебралды сал ауруын (БЦСА), дәнекер тіннің жүйелік зақымдануын және ревматизмді қамтитын болады. Бұл жаңалық медициналық көмектің көлемін қысқарту мақсатында емес, қаржыландыру тетіктерін жетілдіру үшін жүзеге асырылуда. Яғни сақтандырылған азаматтар бұрынғыдай МӘМС жүйесі арқылы емделіп, дәрігер кеңесін алып, дәрі-дәрмектерді тегін пайдалана береді.

Маңызды жаңалықтардың бірі – әлеуметтік мәні бар аурулардың бастапқы диагностикасы енді азаматтың сақтандыру мәртебесіне қарамастан, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) шеңберінде жүргізіледі. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек АИТВ инфекциясы мен туберкулезбен ауыратын пациенттерге ғана берілген болатын. Бұл өзгеріс ауруларды ерте кезеңде анықтауға және уақтылы емдеуді бастауға мүмкіндік беріп, халық денсаулығын сақтаудың тиімді жолдарының бірі болмақ.

Мемлекет әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтарға қатысты барлық кепілдіктерді бұрынғыдай сақтап қалады. Олардың қатарында балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, студенттер, мүгедектігі бар адамдар, жұмыссыздар және басқа да санаттар бар. Қазіргі таңда мұндай азаматтар саны 11 миллионнан асады. Мемлекет есебінен сақтандырылған және тегін медициналық көмек алуды жалғастыратындардың арасында балалардың церебралды сал ауруына шалдыққан пациенттер де бар.

Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесін жаңарту медициналық көмекті қысқарту емес, ең алдымен қаржыландыру тетіктерін жетілдіру және ең осал топтар үшін кепілдіктерді күшейту екенін атап өтті. Сондай-ақ сақтандыру жарналары жергілікті атқарушы органдар есебінен төленетін әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды (Д және Е санаттары) қаржылық қамтамасыз етуге ерекше назар аударылмақ.

Осылайша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік мәні бар аурулардың жаңартылған тізбесі күшіне енеді. Бұл өзгерістер медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, қоғамның ең әлсіз топтарын қолдауға бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда үшінші ұлттық валюта пайда болды

Redaktor Shyn-Ar

Ғашықтар күні неге 15 сәуірде атап өтіледі?

Redaktor Shyn-Ar

Жарты миллиард теңгенің мүлкін тонағандар 10 жылдан астамға сотталды

Redaktor Shyn-Ar