Қазақстан неге дәл қазір белсенді қимылдай бастады? Неге 10 жыл бұрын емес, 2000-шы жылдары емес, неге қазір?
Өйткені Қазақстан тәуелсіздік ала салысымен географиялық тұзаққа түсіп қалды. Ресеймен арадағы шекара жатыр созылып, экспорттық жолдары Ресей арқылы өтеді, шикізатын өз ішінде өңдейтін қуаты шектеулі, солтүстігіндегі демографиялық жағдай күрделі, білім, бизнес пен басқару саласында орыстілді ортаның ықпалы басым еді.
Былайша айтқанда, еркін ойқастай алмайтын ел болған. Бірақ ендігі ол жағдай да өзгеріп келеді.
Қазақстан соңғы жылдары сыртқы байланысын әртараптандыра бастады. Каспий арқылы балама жолдар құра бастады. Мәскеумен қатар, Пекин, Анкара, Еуропа мен Вашингтонмен диалогын жалғастырды.
Соңғы отыз жыл бойы тыпыр ете алмаған Қазақстан үшін дәл қазір қимылдап қалатын кеңістік ашылды. Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған жағдай туды, инвестицияға сұраныс бар, оған АҚШ, Қытай, Еуропа мен Түркия сияқты ірі ойыншылар бәсекелесетін болды.
Бұрын бәрі бір Мәскеуге байланып келген. Біз одақпыз, серіктеспіз дегенімен, іс жүзінде өз ықпалында ұстап келді.
Қарабақ, Оңтүстік Осетия, Абхазия, Днестрдегі Молдава сияқты қақтығыстар Орталық Азия елдеріне сабақ болды. Бір орталыққа қарап отырғаның – біткенің! 2014-ші жыл осыны дәлелдеп берді. Шекараны күшпен өзгерте салуға болатынын бәрі көрді. Содан «бірігу-кірігу» дегеннен шоши бастады. Жеріңнен айырылып, ұлт ретінде жойылуың мүмкін екенін түсінді.
Қазақстан Ресейді жауым демейді. Ол тек онымен тең терезеден сөйлескісі келеді. Есейген ел екенін, өзі шешім қабылдайтын шын тәуелсіз екенін көрсеткісі келеді.
Бұл — әзербайжандық саясаттанушы Вели Алибековтің Қазақстан туралы айтқаны.
Shyn-ar.kz үшін дайындаған: журналист Айдын Олжаев.
