Талғар қаласында “Хутор” тобының басшысы деп аталған Хасан Қасымбаев пен оның сыбайластарына қатысты сот процесі жалғасуда. Кезекті отырыста айыпталушылар өз сөздерін айтты.
Айта кетейік, Қасымбаевтан бөлек, істі тергеп жатқанда тағы бес күдікті — Сайлау Ақтанов, Данияр Асқаров, Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов және Нұрмұхамбет Сұлтанбеков бар.
Оларға адам ұрлау, ақша бопсалау және күш қолдану баптары бойынша айып тағылған. Сотта сөз алған айыпталушы Руслан Әлиев өз кінәсін толықтай жоққа шығарды.
«Адам ұрлау фактісі болған жоқ. Біз маска тағып жүрген жоқпыз деген ақпарат жалған. Әлімовтың телефоны өзімен болды, ол қоңырауларға жауап берді. Біз оны ұрып-соғып, видеога түсірген жоқпыз. Ол өзі көліктен аман-есен шықты, тіпті үйіне жеткізуді ұсынғанымызға қарамастан бас тартты», — деді айыпталушы Әлиев.
Тағы бір айыпталушы, Сайлау Ақтанов, Қасымбаевпен мүлде таныс еместігін айтты:
«Мен жазамды өтеп жатқанда маған қысым көрсетілді, Хасанмен таныс екенімді айтуға мәжбүр етті. Кейін мені қатаң режимдегі колонияға ауыстырды», — деді ол.
Адвокаттардың айтуынша, тергеу кезінде бес айыпталушы да қамауда болған.
«Шерзат ісінен кейін прокуратура мен ҰҚК-ға бағынышты бөлімшелер жазасын өтеп жатқан адамдарға келіп, ‘Қасымбаевқа қарсы куәлік берсеңіз, мерзіміңізді қысқартамыз’ деп сендірген. Қазіргі таңда осы факті бойынша бөлек қылмыстық іс қозғалған», — дейді адвокат Айдынғали Табылдыев.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы облысында Хасан Қасымбаевтың ісіне қатысты сот отырысы басталғаны туралы хабарланған болатын.
