Әлеуметтік желіде Талғар тұрғыны Эльмира Кулакованың қазақ ұлтына қатысты қорлайтын сөздер айтқан видеосы тарады. Ол қазақтарды “құлдар” деп атап, елде “русофобия бар” деген пікір білдірген. Бұл қоғамның ашу-ызасын тудырып, пайдаланушылар құқықтық баға беруді талап етті.
Кулакова өз видеосында қазақтардың орыс тілінде сөйлегісі келмейтінін сынға алып, “неге сонша нақұрыс болдыңдар?” деген сөздер айтқан. Тағы бір бейнежазбада ол Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалатынын айтып, “балаларым автобус ішінде тыныш жүре алмайды” деп шағымданғанымен, нақты дәлел келтірмеді.
Кейінгі жазбаларында ол орыс тіліне екінші мемлекеттік мәртебе қайтаруды ұсынып, қазақ тілін “жетілмеген” деп сипаттады. Сондай-ақ, білім беру мен ғылым саласында қазақ тіліндегі оқулықтар мен терминологиялық базаның әлсіздігін айтты.
Әлеуметтік желі қолданушылары оның бұл пікірлерін ұлтты қорлау деп бағалап, құқық қорғау органдарынан шара қолдануды сұрады. Алматы облысының полиция департаменті бұл мәселеге қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын, Бас прокуратураның жауабы күтіліп отырғанын хабарлады.
