Павлодар облысында жетім балаларға арналған пәтерді шенеунікке бергені әшкереленді.
Павлодар облысының прокуратурасы әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйді бөлу кезінде бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады. Ертіс ауданында жетім балаға тиесілі пәтердің аудан әкімінің жаңадан тағайындалған орынбасарына берілгені мәлім болды. Бұл туралы жергілікті ақпарат көздері хабарлады.
2025 жылдың ақпанында Ертіс ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалған білім беру саласының қызметкері Роза Ақанова қызметке орналасуына байланысты пәтермен қамтамасыз етілген. Алайда ол пәтер бұрын жетім балаға жалға берілген болып шықты. Аудандық нақты сектор бөлімінің басшысы Қайролла Елеукенов бұл шешімді қабылдап, пәтерді Ақановаға берген. Шенеуніктер баланың пәтерде соңғы бір жылда тұрмағанын алға тартып, баспананы бос деп есептеген.
Аталған жағдайды облыстық Әдеп кеңесі қарап, тұрғын үй қорын мақсатсыз пайдалануға жол берген бөлім басшысына шара қолданылды.
Прокуратура бұл мәселе жүйелі сипат алғанын атап өтті. Мысалы, Мүткенов көшесіндегі әлеуметтік пәтерде аудан әкімінің орынбасары тұрған, ал №1 Ертіс орта мектебінің мұғалімі бес жыл бойы осындай үйде заңсыз тұрып келген. Бұл пәтерлер әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға, соның ішінде жетім балаларға арналған.
Орынбасарға «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы» ресми ескерту жасалды. Ол пәтерден шығуға мәжбүр болды.
Қазіргі уақытта Ертіс ауданында осындай мақсаттағы бос тұрған 14 пәтер бар. Алайда олар шын мәнінде мұқтаж азаматтарға берілмей отыр. Прокуратура бұл жағдайды шұғыл түрде қалпына келтіріп, әділдік орнатуды талап етті.