Шымкентте былтыр бюджеттен бөлінген қыруар қаржыға отырғызылған 8 мың түп ағаш қурап қалған. Қаланың Әл-Фараби көшесіне егілген көшеттердің бірде-бірі бүр жармаған. Жасыл желекке күтім жасалмағаны тұрғындар мен қоғам белсенділерінің ашуын тудырды.
Қоғам белсендісі Сабыржан Байбосынов бұл жағдайды мемлекеттік қаржыны желге ұшырғанмен тең деп бағалайды:
“Ағаш қурамайтын уақытта қурап бара жатқаны жаныңды ауыртады. Жылда ағаш егіп, артынан олар қурап жатса, онда көгалдандыру жұмысы тоқтатылуы керек. Ақша рәсуа болып жатыр, күтім жоқ,” – дейді ол.
Тұрғындардың айтуынша, биыл көктемде отырғызылған жаңа көшеттер де солып, жарамсыз күйге түскен. Көшелердегі қураған шынарлар мен шөліркеген шыршалар қала көркін бұзып тұр. Тіпті ғасырдан астам тарихы бар ағаштардың өзі сусыздықтан құлауға шақ қалған.
Әкімдік өкілдері мәселені жасырмай мойындап отыр. Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бас маманы Айдос Қуанышевтың айтуынша, жас көшеттер “топырақты жерсінбеген”.
“Қураған ағаштар барын мойындаймыз. Бірақ оларды отырғызған мекеме кепілдеме бойынша күзде қайта отырғызады,” – деп уәде берді шенеунік.
Алайда бұл уәде жұртты жұбатуға жеткіліксіз. Қала тұрғындары мен белсенділер жыл сайын қайталанатын бір сценарийден шаршаған. Ал жайлы ортаны дамыту басқармасы көгалдандыруды тоқтатпақ емес — биыл тағы да 1 миллиард теңге бөлініп, 200 мың көшет отырғызу жоспарланған