Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, қоғамда рушылдықты насихаттайтын үрдістердің күшейіп бара жатқанын сынға алды. Оның айтуынша, бұл құбылыс ұлттық бірлікке елеулі қауіп төндіреді.
Депутаттық сауалда жекелеген контент өндірушілер мен кәсіпкерлердің ру атауларын күнделікті тұтынатын өнімдерге – футболка, шапан және өзге де тауарларға жазып, оны «бренд» немесе «маркетингтік өнім» ретінде сатуы алаңдаушылық туғызатыны айтылған. Ерлан Саиров мұндай әрекеттер жастар арасында рушылдық психологияны күшейтіп, қоғамның тұтастығына сызат түсіруі мүмкін екенін атап өтті.
Сондай-ақ депутат бұл қауіпті үрдістің кино саласына да ене бастағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазақ руларын салыстырып, кемсітетін мазмұндағы фильмнің прокатқа шығуы – алаңдататын жағдай. Тіпті фильмді жарнамалау мақсатында ұйымдастырылған экспозицияда Қазақстан картасының үш жүзге бөлініп көрсетілуі ұлт үшін аса сезімтал тақырыпты коммерциялық мақсатта пайдаланудың көрінісі екенін айтты.
«Бұл – ұлттың бірлігін іштен ірітетін қауіпті тенденция. Әлеуметтік контент пен кино арқылы көрермен жинау түбі жақсылыққа апармайды», – деді депутат.
Осыған байланысты Ерлан Саиров қоғамдағы рушылдықты күшейтетін идеологиялық өнімдерге тосқауыл қою үшін бірқатар ұсыныс білдірді. Атап айтқанда, кинопрокатқа шығатын отандық фильмдерді алдын ала сараптайтын тұрақты комиссия құруды, оларды көркемдік-эстетикалық, идеологиялық және ұлттық бірлік тұрғысынан бағалайтын тетік енгізуді ұсынды.
Сонымен қатар депутат «ұлттық код» пен «мәдени ерекшелік» ұғымдарын желеу етіп, қоғамды бөлшектеуге бағытталған әрекеттерге нақты шектеу қою қажет екенін айтты. Рушылдық пен жікшілдікті насихаттайтын контентке жүйелі түрде тосқауыл қоюды да ұсынды.
Бұдан бөлек, Ерлан Саиров бірлікті нығайтатын жалпыұлттық контентті көбейту қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, мәдениет пен әлеуметтік желілерде Қазақстан халқының тұтастығын айқындайтын, «Біз – қазақпыз» идеясын дәріптейтін мазмұн басым болуы тиіс.
