2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның мемлекеттік қарызы 31,8 триллион теңге болды. Бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің 23,7 пайызына тең. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев Мәжілістің жалпы отырысында республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі есебінде мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік қарыз белгіленген шектен аспаған. Өткен жылы республикалық бюджет тапшылығы 3,649 триллион теңгені немесе ЖІӨ-нің 2,7 пайызын құраған. Бюджет кірістері 97,2% деңгейінде орындалып, 19,6 триллион теңге болса, шығыстар 98% орындалып, 23,6 триллион теңгеге жеткен.
Такиевтің мәліметінше, 2024 жылы нақты ЖІӨ өсімі 4,8% болған, ал инфляция 9,8%-дан 8,6%-ға дейін төмендеген.
– 2024 жылы бюджетке түсетін түсім азайды. Бұл – геосаяси жағдай мен логистикалық қиындықтарға байланысты ірі кәсіпорындардың өндіріс көлемінің төмендеуімен түсіндіріледі. Бұдан бөлек, мемлекет қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша 1,2 триллион теңге қайтарып берді – бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есе көп, – деді министр.
Алайда цифрландыру арқылы салық әкімшілендіруін жақсарту нәтижесінде бюджетке қосымша 1,28 триллион теңге түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 37%-ға артық.
Бюджет қаражаты қалай жұмсалды?
2024 жылы өңірлерді қолдауға 7,1 триллион теңге, әлеуметтік салаға 8,8 триллион теңге бөлінді. 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылар 9%-ға индексацияланды, базалық зейнетақының ең төменгі және ең жоғары мөлшері артты. Ең төменгі зейнетақы мөлшері – 86 068 теңге, ең жоғарғысы – 197 873 теңге болды. Сонымен қатар, МӘСҚ арқылы 1,38 миллионнан астам адамға 958,3 миллиард теңге көлемінде әлеуметтік төлем жасалды.
Инфрақұрылым және бақылау
Министрдің айтуынша, ірі инфрақұрылымдық жобаларға да айтарлықтай қаржы бағытталған:
-
12 мың шақырым жол салынды және жөнделді;
-
62 елді мекенде 213 мың адамға газ жеткізілді;
-
«Жайлы мектеп» жобасы аясында 105 мектептің құрылысы аяқталды;
-
460 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді;
-
2025 жылға дейін тағы 195 нысан салынып, 32 аудандық аурухана жаңғыртылмақ.
Мемлекеттік қаржыны бақылау мен аудит саласында да жаңартулар болды. Цифрлық құралдар енгізіліп, қаржының игерілуіне мониторинг күшейтілді. Жыл қорытындысы бойынша қаражатты тиісті деңгейде игермегені үшін 73 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның мемлекеттік қарызы 63,7 миллиард долларға жеткені хабарланған болатын.