«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратҚоғамэкономика

АЭС – болашақ энергиясы: Хайрушев заманауи реактордың артықшылықтарын атады

АЭС – болашақ энергиясы: Хайрушев заманауи реактордың артықшылықтарын атады
ашық дереккөзден

Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі – қоғам мен сарапшылар арасында кеңінен талқыланып жатқан өзекті тақырыптардың бірі. Бұл жобаның маңыздылығы мен қауіпсіздігіне қатысты түрлі пікірлер айтылып жатқан тұста, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі, «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Жақып Хайрушев  атом энергетикасы, әсіресе «Росатом» ұсынған ВВЭР-1200 реактор үлгісіне кәсіби баға берді.

Заманауи әрі сенімді технология

Хайрушевтің айтуынша, ВВЭР-1200 – қазіргі заманғы, III+ буындағы технология негізіндегі реактор. Бұл үлгідегі станциялар бүгінде Беларусь, Мажарстан, Мысыр, Түркия, Бангладеш және Қытайда салынып, кейбірі пайдалануға берілген, ал кейбірі құрылыс сатысында тұр. Сарапшы бұл реакторды заманауи, сенімді әрі қауіпсіз шешім ретінде сипаттайды.

Аталған реакторлар қос қабатты қорғаныс, пассивті және белсенді қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Ядролық отын балқуы жағдайында салқындату және залалсыздандыру үшін арнайы «расплав ұстағыш» құрылғы қарастырылған. Бұл – ықтимал апат жағдайларында қауіптің таралуын шектеуге арналған нақты инженерлік шешім.

Сонымен қатар, ВВЭР-1200 9 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алатындай жобаланған. Жоба барысында су тасқыны, дауыл, климаттық өзгерістер секілді табиғи қауіп-қатерлер де есепке алынады. Барлық талаптар МАГАТЭ стандарттарына сай жүзеге асырылады.

Қазақстанның мүмкіндігі қандай?

Хайрушевтің айтуынша, Қазақстанда энергетика мен құрылыс саласында белгілі бір тәжірибе бар. Алайда АЭС сынды нысан ерекше талаптарға ие болғандықтан, оған арнайы инженерлік дайындық, сенімді салқындату жүйелері, үздіксіз электрмен қамту, жол, байланыс, логистика және қызмет көрсету инфрақұрылымы қажет.

Мұндай ауқымды жобалар, сарапшының айтуынша, халықаралық EPC-келісімшарттар негізінде жүзеге асады. Яғни, техникалық шешімдер тек жергілікті деңгейде емес, технология жеткізуші тараппен бірлесіп қарастырылады.

Инфрақұрылым мен кадр әлеуеті маңызды

Сарапшы жоба табысты іске асуы үшін тек технология емес, кадрлық, институционалдық және басқарушылық дайындық та шешуші рөл атқаратынын ескертеді.

«Егер жоба ұлттық мүдделер мен халықаралық қауіпсіздік талаптарына сай жүргізілсе, Қазақстан атом энергетикасына сенімді түрде қадам баса алады», – дейді Хайрушев.

Ұқсас жаңалықтар

Шерзат Болат ісі бойынша сотталғандар рақымшылыққа іліне ме?

Шымкентте миллиондаған қаржыға отырғызылған ағаштар қурап жатыр

Qazaq Air әуекомпаниясының атауы өзгереді

Redaktor Shyn-Ar

Пікір жазу