Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдің мәліметінше, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру туралы шешімді тоқтатуды тапсырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көшіру мәселесіне байланысты жағдаймен танысып, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға балалардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыруын қамтамасыз етуді тапсырды. Мемлекет басшысы балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, нысанды қаланың балансына алуды міндеттеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар үйі көшірілмейді», – делінген Руслан Желдібайдің хабарламасында.
Сонымен қатар, Президент әкімшілігі аталған жағдай бойынша қызметтік тексеріс жүргізетін болады.
Руслан Желдібай: «Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заң шеңберіндегі барлық құқығы толық сақталады», – деп жазды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына еркінен тыс көшіру әрекеті қоғамда кең резонанс тудырған болатын. Қоғам белсендісі Аружан Саин бұл шешімді заңға және Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясына қайшы деп бағалады. Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда балалардың көшіруге қарсылық білдіргені, тіпті бір қыздың есінен танып қалғаны көрініс тапты. Бұл жағдай жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызды.