«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратСаясат

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ұстаздардың тамыз конференциясы басталды

Қасым Жомарт Тоқаев

Елордада ұстаздардың республикалық тамыз конференциясы өтуде

Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ұстаздардың республикалық тамыз конференциясы өз жұмысын бастады.

Жаңа оқу жылының басталуына орай ұйымдастырылып отырған бұл республикалық іс-шара «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбымен өтуде. Конференцияның басты мақсаты — заман талабына сай, адамгершілігі жоғары, кәсіби құзыретті және әлеуметтік жауапты тұлғаны қалыптастыруға бағытталған білім беру жүйесінің бүгінгі жай-күйі мен болашағына бағдар беру.

Конференция аясындағы негізгі бағыттар мыналарды қамтиды:

  • «Адал азамат» бағдарламасы аясында оқыту мен тәрбиелеудің интеграциясы;

  • Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кәсіби бағдар мен болашаққа қажетті (hard, soft, digital) дағдыларды қалыптастыру;

  • Әдеп, қауіпсіздік және сапа қағидаларын ескере отырып, орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу;

  • «Қазақстан балалары» стратегиясын жүзеге асыруда мүдделі мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту;

  • Мектептерде инклюзивтік білім беру тәжірибесін жетілдіру.

Іс-шараға 1500-ден астам адам қатысуда. Конференция шеңберінде бірқатар тақырыптық көрме аймақтары ұйымдастырылған. Атап айтқанда: «Келешек мектептері», «Абай ұлттық мектебі», «Дарынды балалар – ел мақтанышы», «ТжКББ-дегі үздік тәжірибелер», «Білім берудегі цифрлық шешімдер». Көрмелерде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды білім беру жүйесіне енгізуге бағытталған кең ауқымды экспозициялар ұсынылуда. Онда цифрлық құралдар, интерактивті платформалар, әдістемелік әзірлемелер мен тиімді әрі икемді оқу үдерісін ұйымдастырудың заманауи тәсілдері таныстырылуда.

Конференция қорытындысы бойынша педагог мәртебесін арттыруға бағытталған қарар қабылданады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, салтанатты бөлімде білім беру саласының үздік қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтеді. Іс-шара соңы қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен өтетін концертпен аяқталады.

Еске сала кетейік, 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық білім беру ұйымында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы іске қосылып, тәрбие жұмысы жаңа форматқа көшеді. Ал жыл соңына дейін «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы қабылданатын болады.

Ұқсас жаңалықтар

Алматыдағы «Алтын Орда» базарының экс-басшыларына іздеу жарияланды

Тоқаев пен Трамп құны 17 миллиард доллардан асатын келісімге қол қойды

Өзбекстанда кітап оқыған тұтқынның жаза мерзімі қысқаруы мүмкін