«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпарат

15 қыркүйектен бастап тұрғындар баспананы ұстауға үш түрлі төлем жасайды

Енді көппәтерлі тұрғын үй иелері баспананы күтіп-ұстауға арналған үш түрлі төлем — қазіргі, жинақтаушы және мақсатты жарна төлейтін болады. Бұл жарналар әртүрлі мақсаттарға арналады:

  • Қазіргі жарна – үйді күнделікті күтіп-ұстауға (мысалы, тазалау, жарықтандыру, ағымдағы жөндеу);

  • Жинақтаушы жарна – күрделі жөндеу жұмыстарына (шатыр, жертөле, инженерлік жүйелер);

  • Мақсатты жарна – күтпеген немесе ерекше қажеттіліктерге (мысалы, апаттық жағдайлар), тек тұрғындардың шешімімен жиналады.

Жаңа жүйе бойынша пәтер, қойма немесе көлік тұрағы бар тұрғындар бұрынғыдай бір ғана «үйді күтіп ұстау» төлемінің орнына осы үш жарнаны төлейді. Олардың ішінде қазіргі және жинақтаушы жарналар – міндетті, ал мақсатты жарна ерікті түрде төленеді.

Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілі Жандос Қайырхановтың айтуынша, жинақтаушы жарна мөлшерін тұрғындардың өзі белгілейді. Бұл үшін жиналыс өткізіліп, шаршы метріне қанша теңге жиналатыны шешіледі. Алайда бұл сома қала мәслихаты бекіткен ең төменгі мөлшерден (биыл – 40 теңге) кем болмауы керек.

«Егер жиналған қаржы жеткіліксіз болса, тұрғындар өздері жарнаны арттыра алады. Қазір 50, 60, 70, тіпті 150–200 теңгеге дейінгі тарифтер бар. Әсіресе, ескі үйлерде төлемдер көбірек жиналады. Ал тұрғын үй кешендерінде қызмет түрлері көп болғандықтан, тарифтер жоғары — 150-200 теңгеден де асады», – дейді Жандос Қайырханов.

Сондай-ақ, 15 қыркүйектен бастап пәтер иелері кооперативтері (ПИК) ресми түрде жауапты субъект ретінде тіркеліп, басқарушы компаниялармен теңестіріледі. Олар мүлік иелері бірлестіктерімен (МИБ) шарт немесе жиналыс хаттамасы арқылы жұмыс істейді.

Егер бір үйде 36 пәтерден көп болса, тұрғындар міндетті түрде сол ПИК немесе басқарушы компаниямен келісімшартқа отыруы керек. Әр үйге жеке қазіргі және жинақ шоттары ашылады. Бір мақсатқа жиналған қаржы екінші бағытқа жұмсалмайды — яғни, қаржы нақты мақсаты бойынша ғана пайдаланылуы тиіс.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда АЭС құрылысы қашан аяқталады

Redaktor Shyn-Ar

Зайсаннан газ табылса, Қытайға экспорттала ма? – министр түсіндірді

Мораторий көктемге дейін: Үкімет жанармай бағасын ұстап тұруға уәде берді