Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды кітап оқуға шақырып, арнайы Жарлық дайындалып жатқанын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Ұлттық кітап күнімен құттықтап, кітаптың рухани құндылық ретіндегі маңызын атап өтті. Оның айтуынша, алдағы екі апта ішінде оқу мәдениетін дамытуға бағытталған арнайы Жарлыққа қол қойылады.
«Баршаңызды Ұлттық кітап күнімен құттықтаймын! Қазіргі кезеңде баспа ісінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Соған қарамастан, кітап рухани және адами құндылықтардың қайнар көзі ретінде ешқашан өз маңызын жоғалтпайды. Қоғамда кітап оқу мәдениетіне, әсіресе классикалық әдебиет пен заманауи өзекті тақырыптарға деген қызығушылық қайта артып келеді», – деп жазды Президент Instagram парақшасында.
Сонымен қатар, ол бұл үрдістің жастар арасында да кеңінен таралып келе жатқанын атап өтті.
Президенттің сөзінше, жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде оқу мәдениеті ұлт сапасының маңызды көрсеткіші ретінде сақталуы тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да қазақстандықтарды Ұлттық кітап күнімен құттықтап, кітап оқудың қоғам дамуындағы рөліне ерекше тоқталған болатын.
