«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратСот

Шерзат ісі бойынша апелляциялық шағым: сотталғандар ақтауды сұрады

Алматы облыстық сотында Шерзат Болат (Полат) ісі бойынша апелляциялық шағымдар қаралып жатыр

Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасында Шерзат Болат (Полат) ісі бойынша сотталған сегіз адамның апелляциялық шағымдары қаралуда. Қаралған мәселелер қатарында сотталғандардан түскен 8 өтініш және оқиға кезінде қылмыс орнында болған, куәгер ретінде жауап берген екі азаматша – Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдіге қатысты екі жеке қаулы бар.

Бұған дейін Шерзаттың ата-анасының адвокаты Мейірман Шекеев аталған екі куәгердің алғашқы және соттағы жауаптарында елеулі қайшылықтар бар екенін алға тартып, оларға қатысты жеке қаулы шығаруды сұраған болатын.

Сот отырысы офлайн форматта өтті. Залға операторлар кіргізілгенімен, журналистер бөлек бөлмеде монитор арқылы сот барысын бақылады. Апелляциялық алқа алдында сотталғандардың қорғаушылары, олардың туыстары мен айыптау тарабы өз уәждерін білдіруі тиіс еді. Алайда сотталғандардың өздері сот залына жеткізілген жоқ.

Бір уақытта қорғаушылар операторларды залдан шығарып, дыбысты өшіруді талап етті. Осыдан кейін журналистер сот залында болып жатқан жағдайды тек соттың баспасөз қызметкері арқылы телефонынан жүргізілген аудиотрансляция арқылы тыңдауға мәжбүр болды.

Түскі үзілістен кейін журналистер залға кіргізілгенімен, бейнетүсірілім жүргізуге тыйым салынды.

Үзіліс кезінде сотталғандардың бірінің қорғаушысы Азамат Тоқтаубаев өзінің қорғауындағы адамға қатысты ҚР заңнамасына сәйкес «Ұрлық» бабы бойынша амнистияға өтініш беретінін мәлімдеді. Еске салсақ, бірінші сатыдағы сот оны «Бұзақылық» және «Ұрлық» баптары бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырған. Сонымен қатар, қылмыс жасаған кезде оның өтелмеген соттылығы болғаны атап өтілді.

Адвокаттардың айтуынша, сотталғандар шағымдарында өздерін толық немесе ішінара ақтауды сұрайды. Олар сондай-ақ тағайындалған жазамен келіспейді және оны шамадан тыс қатаң деп есептейді.

Мысалы, сотталған Равиль Сакиевтің анасы ұлын «Адам өлтіруге оқталу» бабынан ақтап, тек «Бұзақылық» бабымен ғана жауапкершілікке тартуды сұрады.

Апелляциялық алқа барлық тарапты тыңдап, шешім 19 тамыз күні сағат 10:00-де жарияланатынын хабарлады.

Ұқсас жаңалықтар

Халық қолдаса, жаңа Конституция қашан күшіне енеді?

Келіспеушілік ушықты ма? Ресей Әзірбайжанмен байланысқа қатысты үн қатты

Қос табысы бар азаматтар медициналық сақтандыруға екі рет жарна төлеуге қарсы