Қазақстанда тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерін тоқтату ұсынылды. Бұл түзетулер Міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша Әлеуметтік кодекске енгізілмек.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мұндай шаралар бюджет қаражатын тиімді пайдалануға ықпал етеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, төлемдер Қазақстан азаматтарына, қандастарға және елде тұрақты тұратын шетелдіктерге ғана беріледі.
Министрлік жүргізген тексеріс қорытындысы бойынша:
белсенді алушылардың ішінде 108 мыңнан астам адамның тұрақты тіркеуі жоқ;
тағы 28 мыңнан астам азамат тек уақытша тіркеумен жүрген.
Осыған байланысты Әлеуметтік кодекстің 83, 92, 95, 129, 178, 179, 185, 189, 195-5, 202, 204, 216, 237 және 238-баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделуде. Бұл өзгерістер тұрақты тұрғылықты жерін растай алмаған азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерін уақытша тоқтатуды қарастырады. Құжат қазір Конституциялық соттың қарауында.
Сонымен қатар:
толық мемлекет қамқорлығындағы азаматтарға (қарттар үйі, интернат секілді мекемелерде тұратындар) төлемдердің 70%-ын мекемелердің бақылау шотына, ал 30%-ын ғана жеке қажеттіліктеріне аудару ұсынылды.
Себебі мұндай мекемелерді ұстауға жыл сайын жергілікті бюджеттен 92 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді.
Министрлік дерегінше, әлеуметтік орталықтарда зейнетақы мен жәрдемақыны заңсыз пайдалану фактілері де тіркелген.
2025 жылы республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 4,25 трлн теңге қарастырылды. Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында 21,2 мың адам, ал қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 1,6 мың адам жәрдемақы мен зейнетақы алушы ретінде тіркелген.
Министрлік бұл шаралар шетелге қоныс аударып, бірақ Қазақстаннан төлем алып отырған азаматтардың наразылығын туындатуы мүмкін екенін мойындады. Мұндай жағдайда төлемдер жағдай толық анықталғанға дейін уақытша тоқтатылады.
