«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпарат

Қосылған құн салығының көтерілуіне байланысты ұялы байланыс тарифтері 20%-ға қымбаттайды

2026 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда ұялы байланыс қызметтерінің құны 15–20% көтерілуі мүмкін. Ірі операторлар бұл өзгерісті қосылған құн салығының (ҚҚС) ставкасының өсуімен және желілік инфрақұрылымды дамытуға қажетті импорттық жабдықтардың қымбаттауымен байланыстырып отыр.

Beeline Қазақстан бас директоры Евгений Настрадиннің айтуынша, тарифтер жылына бір рет жаңартылып отырады, ал алдағы жылы айтарлықтай өсім күтілуде.

«Біз бағаны жылына бір рет өзгертеміз. Келесі жылы айтарлықтай өзгеріс болады, себебі ҚҚС өседі. Бұл салаға шамамен 35–40 миллиард теңге көлемінде әсер етеді. Сондықтан қаңтар айында тарифтерді 15–20% қайта қарауды жоспарлап отырмыз», – деді Настрадин.

Kcell компаниясының бас директоры Асқар Жамбакин тарифтердің тек оператор шығындары айтарлықтай артқан жағдайда ғана көтерілуі мүмкін екенін атап өтті.

«Егер жалдау ақысы, валюта бағамы немесе салықтар елеулі өзгерсе, біз тарифтерді қайта қарауға мәжбүр боламыз. 2024 жылы бағаны көтерген жоқпыз. 2026 жылдың соңына дейін сақталған әлеуметтік тарифтер бар, оларды белсендіріп, бағаны 2027 жылға дейін бекітіп қоюға болады», – деді ол.

Ал «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2/Altel) басқарма төрағасы Александр Бабичев интернетке сұраныстың өсуі мен инвестициялық шығындардың артуы операторларды тарифтерді реттеуге итермелейтінін айтты.

«Операторлар бағаны себепсіз көтермейді. Негізгі себеп – инфрақұрылымға инвестиция салу қажеттігі. Құрал-жабдықтар шетел валютасымен сатып алынады, сондықтан біз валюта бағамын, инфляцияны және салық өзгерістерін, соның ішінде ҚҚС өсімін ескереміз. Сол себепті тарифтерді түзету мәселесі шын мәнінде қарастырылып жатыр», – деді ол.

Осылайша, 2026 жылдың басында Қазақстанда ұялы байланыс қызметтері орта есеппен 15–20% қымбаттауы мүмкін, ал әлеуметтік тарифтер 2026 жылдың соңына дейін өзгеріссіз қалады.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда енді несиесі бар отбасылар атаулы әлеуметтік көмектен қағылады

15 қыркүйектен бастап тұрғындар баспананы ұстауға үш түрлі төлем жасайды

Қайырымдылықты бизнеске айналдырған ерлі-зайыптылар: Баласының еміне деп ақша жинап, құмар ойын ойнаған

Redaktor Shyn-Ar