«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпарат

1,5 жыл бұрын қайтыс болған Диас үшін алаяқтар қор ашып, халықты алдаған

Алматы облысында алаяқтар 1,5 жыл бұрын қайтыс болған Диас Мұсаның атымен қор ашып, оның еміне деп елден әлі күнге дейін ақша жинап келген. Бұл сұмдықты марқұмның жақындары тек кеше ғана білген. Енді олар кінәлілердің жазасыз қалуынан қауіптенеді.

Оңласын Асылбаеваның ұлы Диас Мұса — жеті баланың кенжесі. Ұзаққа созылған сырқаттың салдарынан ол 1,5 жыл бұрын көз жұмған. Алайда қара жамылған отбасы біреулердің баласының атынан жалған қор ашып, қайырымдылық жинауды жалғастырып жүргенін естігенде төбелерінен жай түскендей болған.

“Өлген баламның атынан ақша жинап отыр. Бір күн бұрын балам түсіме кіріп, мұңайып жылап тұрды. Маған ренжіп тұрғандай көрінді. Ертеңіне осы видео келді. Сонда менің баламның жаны тыныш емес екені сезілді. Ал біреулер қор ашып, оның атын пайдаланып жатыр. Не үшін бұлай істейді, не үшін менің баламның атын қорлайды?”, — дейді жаны жаралы ана.

Диастың өмірін аман алып қалу үшін ата-анасы екі жыл бұрын расында да екі рет көмек сұрап, 70 мың доллар жинаған. 2024 жылы бұл науқан толық тоқтатылған. Алайда жақында таныстары әлеуметтік желіде Диастың атынан қайта ақша жиналып жатқанын айтып хабарласқан. Бұны естіген ата-анасы дереу полицияға шағым түсірген. Оңласын Асылбаеваның айтуынша, құқық қорғаушылар алаяқтардың кім екенін анықтағанымен, олар әлі ұсталған жоқ.

Алматы облысы полиция департаментінің бөлім басшысы Ернар Сайділдин:
“Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайларын жан-жақты және объективті зерттеу мақсатында процессуалдық тексеру жүргізуде. Тексеру нәтижесіне сай қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданады”, — деп мәлімдеді.

Сонымен қатар Оңласын Асылбаева баласының өліміне қате қойылған диагноз себеп болды деп есептейді. Айтуынша, дәрігерлер дұрыс диагноз қоймағандықтан, бірнеше рет ота жасап, Диастың әлсіз ағзасын одан әрі титықтатқан. Ал шетелдік дәрігерлер “тым кеш келгенін” айтқан. Соңғы отадан кейін Диас комаға түсіп, есін жимаған.

Ұқсас жаңалықтар

Қостанай тұрғыны «Тиктокта қазақтарды қорлағаны үшін» сотталды

Redaktor Shyn-Ar

Қарағандыда 2 сәбиін сатқан көпбалалы ана сотталды

Жазғы бағыттар: Қазақстанда қосымша пойыздар іске қосылады

Redaktor Shyn-Ar