«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарБасты ақпаратҚоғам

Із-түзсіз жоғалған отбасы: Атырау маңындағы аумақта тексеріс күшейтілді

25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасының із-түзсіз жоғалғаны туралы арыз түсті. Қазір Жангелдин ауылының тұрғындары – Наурыз бен Мирамгүлді іздеу жұмыстары бес күннен астам уақыттан бері жалғасып жатыр.

Іс бойынша күдіктінің бұрын тұрған жері – Геолог ықшамауданында тергеу және іздестіру шаралары күшейтілді. Аталған аумақта полиция мен Ұлттық ұланның шағын күші жұмылдырылып, жылжымалы штаб құрылған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұған дейін ауқымды тексерулер жүргізілгеніне қарамастан, іздеу жұмыстары тоқтаған жоқ.

Полиция қызметкерлерінің бірі аты-жөнін жарияламауды сұрап, тергеу барысында барлық нұсқа қарастырылып жатқанын айтты. Оның ішінде күдіктінің бұрын тұрған жеріне қатысты болжам да бар.

Бұл аумақтың назарға алынуы кездейсоқ емес. «Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, күдікті Сұлтан Сарсемалиев жұбайы Ақбаянмен бірге осы маңнан 50 мың теңгеге уақытша үй жалдап тұрған. Олар сол жерде белгілі бір уақыт өмір сүрген. Ықшамаудандағы үйлердің бір бөлігі бос болса, енді бір бөлігі жалға берілген.

Үйдің ішінде тергеу жүргізілгені анық байқалады: бөлме түгел тексерілген, заттар шашылған, кілем жинаулы күйде тұр. Терезе жақтауында пломбаны алғаннан кейін қалған қызыл бояудың ізі бар. Аула мен маңайда да бұрын жүргізілген жұмыстардың белгілері сақталған – жер қазылған, кей жерлерде техниканың іздері көрінеді.

Іздеу барысында арнайы құралдар қолданылған. Әсіресе жер астындағы нысандарды анықтауға арналған георадар пайдаланылып, ол Орал қаласынан жеткізілген. Құралдың көмегімен аула, үйдің айналасы және жақын учаскелер толық тексерілген.

Аудан біркелкі салынбаған, саяжайлармен шектеседі. Бейнебақылау камералары аз, ал көршілердің камералары жазбаларды 15 күннен артық сақтамайды. Бұл оқиғаның нақты хронологиясын қалпына келтіруді қиындатып отыр.

Көршілес үйлерде Өзбекстан азаматтары тұрады. Олардың айтуынша, ешқандай күмәнді жағдай байқалмаған. Сондай-ақ ықшамауданның басқа тұрғындары да тергеу барысында сұралған. Ешқайсысы жанжал, шу немесе күдік тудыратын әрекеттерді көрмегенін айтқан.

Көршілер жоғалған отбасын тұйық адамдар ретінде сипаттайды. Олар сыртқа сирек шығып, айналадағы адамдармен көп араласпаған.

Іздеу жұмыстары барысында аула мен маңай толық тексерілген: қазу жұмыстары жүргізіліп, шөп пен қамыс шабылған. Алайда әзірге нақты нәтиже жоқ. Жұмысты аумақтың далаға жақын орналасуы, теміржолдың болуы, сондай-ақ лай мен қолайсыз ауа райы қиындатып отыр.

Ресми түрде тергеу барлық нұсқаны қарастырып жатқанын мәлімдеді. Дегенмен жүргізіліп жатқан шаралар жоғалғандардың қаза болуы мүмкін деген болжамға басымдық беріліп отырғанын аңғартады.

Іздеу және тергеу жұмыстары жалғасуда.

Ұқсас жаңалықтар

Қостанай тұрғыны «Тиктокта қазақтарды қорлағаны үшін» сотталды

Redaktor Shyn-Ar

Президент сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарын ауыстырды

«Қазақ тілі – басты құндылығымыз»: Magnum компаниясы халықтан кешірім сұрады (видео)

Redaktor Shyn-Ar