Қазақстанның жаңа Конституциясында сөз бостандығы мен бейбіт жиналыстар еркіндігін шектеу жөніндегі ұсыныстар екінші Конституциялық кеңестің отырысында айтылды.
Конституциялық реформа аясында ұсынылған түзетулерді оқи отырып, депутат Снежана Имашева сөз бостандығына қосымша конституциялық шектеулер енгізу көзделіп отырғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, сөз бостандығы басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарына және қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірмеуі тиіс. Сонымен қатар зорлық-зомбылықты, соғысты, араздықты насихаттау мен арандатуға тыйым салулардың тізбесі кеңейтіледі. Депутаттың айтуынша, цензураға тыйым салу дербес конституциялық кепілдік ретінде сақталады.
Сондай-ақ бейбіт митингілерді ұйымдастырудан бас тартуға негіз болатын жағдайлардың тізімін кеңейту мәселесі де қарастырылуда. Бейбіт жиналыстарға құқық туралы бапқа енгізілетін өзгерістер бұл құқықты шектеуге болатын заңды негіздерді нақтылауды көздейді. Жаңа мақсаттар қатарына конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтар жүйесін сақтау енгізілмек.
Имашеваның пікірінше, бұл өзгерістер жиналыстар еркіндігін қоғамдық және мемлекеттік мүдделермен теңестіру барысында құқықтық айқындықты арттыруға бағытталған.
Бұдан бөлек, Конституция нормаларын адамның қадір-қасиетімен қатар оның ар-намысын, яғни игі аты мен қоғамдық беделін де қорғауды нақтылай түсу ұсынылды. «Заңмен қорғалады» деген тұжырымды қосу бұл норманың қолданбалы сипатын күшейтіп, мемлекеттің адамды, оның қадір-қасиеті мен ар-намысын тиімді қорғау міндетін айқындайды.
