«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратСаясат

Қазақстанда Конституцияны тұтастай өзгерту ұсынылды

Конституциялық комиссияның отырысында Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева Қазақстанда Конституцияға жекелеген түзетулер енгізу жеткіліксіз екенін, елдің Негізгі заңы толықтай жаңа редакцияда қабылдануы қажет екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі кезеңде тұрған міндет Конституцияның жекелеген баптарын өзгерту немесе толықтырумен шектелмейді. Әңгіме мемлекеттің бүкіл конституциялық құрылымын терең қайта қарау қажеттігі туралы болып отыр.

«Бүгін біз 1995 жылғы Конституция мәтінін заманауи талаптарға бейімдеу жайын ғана талқылап отырған жоқпыз. Билік тармақтарының өзара іс-қимылы, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері, мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастар жүйесін түбегейлі жаңарту қажет», – деді Дания Еспаева.

Ол мұндай ауқымды әрі кешенді өзгерістер Конституцияға үзік-үзік түзетулер енгізу арқылы жүзеге аспайтынын атап өтті. Бұл ұстаным «Құқықтық актілер туралы» заң талаптарынан да туындайды. Аталған заңға сәйкес, егер нормативтік-құқықтық актінің жартысынан астам бөлігіне өзгеріс енгізілсе, ол құжат жаңа редакцияда қабылдануы тиіс.

Осылайша, Конституциялық комиссия отырысында Қазақстан Конституциясын толықтай жаңарту мәселесі ресми түрде көтерілді.

Еске салайық, бұған дейін Ата заңға шамамен 84 пайыз өзгеріс енгізілетіні хабарланған болатын. Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық реформа комиссиясының мүшелеріне өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырды. Құжат білікті заңгерлер мен лингвистерден құралған жұмыс топтарында пысықталып жатыр. Мамандар Конституция нормаларының нақтылығы мен мағыналық сәйкестігін қамтамасыз етуге, қайшылықтар мен түсініксіз тұстарды болдырмауға баса мән берген.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда түрік университеттерінің филиалдары ашылады

Redaktor Shyn-Ar

Пропавшего в горах Алматы 20-летнего парня нашли мертвым

МВД: Пранки в полицейской форме могут повлечь уголовное наказание