Оқу-ағарту министрлігі балаларды тегін үйірмелер мен спорт секцияларына сыртынан тіркеп қойған жағдайларды тексере бастады. Ата-аналардың шағымдарына қарағанда, кейбір балалар eGov қосымшасында би, шахмат, футбол сияқты үйірмелерге тегін қатысып жүргені көрсетілгенімен, шын мәнінде олар бұл үйірмелерге қатыспаған.
Осы мәселеге пікір білдірген оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов деректерді білім беру ұйымдары енгізетінін және олардың дұрыстығына білім беру ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдар жауапты екенін айтты.
«Заңнамаға сәйкес жауапкершілік білім беру ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Деректерді енгізу, бақылау және қажет болса түзету міндеті соларға тиесілі. Қазіргі уақытта әкімдіктер тексеру жүргізіп жатыр», – деді ол.
Шарабасов тексеріс қорытындысы шыққан соң, қандай шара қолданылатыны туралы шешім қабылданатынын атап өтті.
