«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпарат

Отарда сарбаздың жақ сүйегі сынуына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Оңтүстіктегі Отар гарнизонында орналасқан әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметшінің жақ сүйегі сынған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Қазір зардап шеккен сарбаз Алматы қаласындағы әскери-клиникалық госпитальда ем қабылдап жатыр.

Әлеуметтік желіде сарбаздың әпкесі видеоүндеу жариялап, інісінің 2025 жылғы 28 мамырда Отарға мерзімді әскери қызметке шақырылғанын айтты. Оның сөзінше, қызметінің аяқталуына төрт ай қалғанда үш сержант сарбазды соққыға жыққан. Бірі темір затпен ұрып, салдарынан оның жақ сүйегі мен мұрны сынған.

Әпкесінің айтуынша, оқиғадан кейін екі апта бойы әскери қызметшіге қысым көрсетілген. Кейін оған азаматтық киім кигізіп, Алматыдағы №5 қалалық ауруханаға жеткізген. Жол шығынын сарбаздың өзі төлегені айтылады. Ота құны 300 мың теңге болған. Екі рет операция жасалып, ауыз қуысына металл конструкциялар орнатылған. Алайда туыстарының сөзінше, дәрігерлердің бақылауына қалдырмай, сарбазды ауруханаға жатқызбаған. Оның орнына 16 күн бойы медициналық және санитарлық көмексіз пәтерде ұстаған.

29 қаңтарда туыстары әскери бөлімнен сарбазды таба алмаған. Кейін рота командирі оларды сарбаз тұрған пәтерге апарған. Бұдан соң ол медпунктке жеткізіліп, тексеріс барысында алғашқы ота сапасыз жасалғаны анықталған. Содан кейін әскери қызметші Алматыдағы №1 әскери госпитальға ауыстырылып, қазіргі уақытта сонда ем алып жатыр.

Отбасы кінәлілердің жауапқа тартылып, әділ тергеу жүргізілуін талап етеді. Олардың айтуынша, бұған дейін қозғалған іс жабылып қалған. Сондай-ақ әкесінің ауруханада ауыр халде жатқанына қарамастан, әскери қызметшілер одан татуласу туралы құжатқа қол қоюды талап еткенін мәлімдеді.

Бас әскери полиция хабарлауынша, гвардиялық гарнизонның әскери полициясы әскери қызметшіге күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Ресми мәліметке сәйкес, сарбаздың жақ сүйегі сынғаны расталды. Қазір ол Алматы қаласындағы әскери-клиникалық госпитальда ем қабылдап жатыр. Қажетті медициналық көмек толық көрсетілуде, денсаулық жағдайы әскери дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

Материалдар Соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар тұлғалардың, сондай-ақ бөлімдегі әлімжеттік туралы жоғары басшылыққа уақтылы баяндамаған және медициналық көмекті дұрыс ұйымдастырмаған лауазымды адамдардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Тергеу кезеңінде әскери бөлімнің бірқатар қызметкері міндетінен шеттетілген. Тергеу қорытындысы бойынша кінәлілер заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Ұқсас жаңалықтар

Светлана Жақыпова министр қызметінен босатылды

«Ұшақты біз атып түсірдік»: Ресейлік саясаттанушы Баку мен Мәскеу арасындағы кикілжіңнің себебін айтты

У пригрозившего сотовым операторам вице-министра закончился срок полномочий